Өзбекстандағы 1 миллионнан астам қандасымыз қалай өмір сүріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – Өзбекстанда 1 миллионнан астам қандасымыз бар. Шетелдегі қазақ мектептерінің ең көбі де – Өзбекстанда. Ауылы аралас, қойы қоралас бірге өмір сүріп келе жатқан екі елдің салалық қарым-қатынасының мығым достыққа ұласқаны қуантады. Ондағы қазақтарының өмірі жайлы ҚазАқпарат тілшісіне Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов әңгімелеп берді.

«Өзбекстанда 1 миллионнан астам қазақ бар. 376 қазақ мектебі жұмыс істейді. 7 Жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиетін, тарих, биология пәндері қазақ тілінде оқытылып, мектепке мұғалімдерді даярлап жатыр. Бәрі де қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілген. Біз жақта колледждердің бәрі жабылғаннан кейін оқушылар мектепті толығымен 11 жыл бойы оқып шығуы керек. Сонымен бірге, біздің елде биыл оқушыға мектеп бітіргеннен кейін үш университетке бірдей тапсырып көру мүмкіндігі бірінші рет беріліп отыр. Яғни, түлектің балы қай оқу орнына жетіп тұрса, сонда білім ала алады», - дейді Серікбай Үсенов.

Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығы төрағасының айтуынша, көрші елдегі қандастарымыз Қазақстанның мереке-мейрамдарын жоғары дәрежеде атап өтуді дәстүрге айналдырған. 1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі ғимаратында көрме ашылып, қандастарымыздың қатысуымен игі жиын өткен. Екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың кейінгі кезде нығая түсуіне байланысты өзбек билігі де қазақтардың бастамасына қолдау білдіріп отырған көрінеді. 16 желтоқсан – Қазақстанның Тәуелсіздігі күнінде Қазақ мәдени орталығы зиялы қауымды жастармен кездестіріп, алқалы жиын өткізбек.

«Алда әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы келе жатыр. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтауда арнайы шаралар жоспары бекітілген. Осы уақытқа дейін Абайдың кітабын өзбек тіліне аудардық. Ол кітаптардың барлығы да университеттер мен институттарға таратылып болды. Биыл сондай-ақ, Қазақ мәдени орталығы Абайдың шығармалары бойынша өзбек тілінде республикалық ойтолғау байқауын жариялады. Ең алдымен, өзбек жастарын байқауға көптеп тартқымыз келеді. Бас жүлдеге жеңіл автокөлік тігілді. Екінші және үшінші орынға қымбат тұрмыстық техникалар беріледі. Осылайша, балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятсақ, екіншіден өзбек жастарына Абайды кеңінен таныстырғымыз келеді. Өзбек жастары Абайдың кім екенін ана тілінде оқып, танып білсе дейміз», - дейді ол.

Серікбай Үсеновтің айтуынша, Эркин Уахитов, Абдолла Ариев қатарлы өзбек жазушыларының кітаптары қазақ тіліне аударылып, мектептерге таратылуда.

«Қазақ балалары өзбек зиялыларын, ал өзбек өрендері қазақ зиялыларын өз ана тілінде танып білсе, екі елдің достығы одан әрі нығая түсер деген сенімдеміз. Әлішер Науаидің «Фархат шырын» жырын қазақ тіліне аударып отырып, бір қызық тарихи деректі анықтадық. Өзбекстан архивін шолып көрсек, Мұхтар Әуезов ол жырды 1919 жылы өзбек тілінен араб қарпіндегі қазақ әліпбиі бойынша аударған екен. Біз ол жырды кирилл және латын қарпіне аударып, баспа беріп қойдық. Соның бәрін мектепке тарату деген үлкен іс бар. Соны іске асырсақ дейміз», - дейді ол.

Екі елдің достығының нығаюының арқасында Мырзашөлде жақында Қазақ-өзбек мәдениет сарайы ашылған. Сол жерде домбыра үйірмесі жұмыс жасайды.

«Бұл ретте Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевке ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Ол өңірлердегі ескі ғимараттарды толығымен жөндеп, жасақтап, әр ұлттың қолданысына беріп жатыр. Біздің Мәдениет үйімізден бөлек, Манас ауылында қырғыздарға, Чыназ ауылында тәжіктерге Мәдениет үйін ашып берді. Бұрынғы Бабыр атындағы бақты этностардың қарым-қатынасын нығайту үшін Достық бағы қылып ашып берді. Бұрын, шыны керек, жастар мәдени орталықтардың керек қыла бермейтін. Қазір елдегі насихат жұмыстарының арқасында көзқарас өзгере бастады. Біздің орталықтың өзінде үш жарым мың кітап бар. Біліктілігін арттыруды көздеген мұғалімдер біздің орталықтан шықпайды. Көптің пайдасына жарап жатқанымызға қуаныштымыз», - дейді ол.

Өзбекстанда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары бірден өзбек тіліне аударылып отырады екен. Шавкат Мирзиеевтың «Көршілерден үйренейік, жақсысын алайық» деген халыққа үндеуі өзбек ағайынның көңіліне қонып, қолдауына ие болған секілді. Серікбай Үсеновтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың мақалалалары Өзбекстанда зор қызығушылықпен оқылған.

Соңғы жаңалықтар