Өзбекстанда жол апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың жағдайы белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстандағы көлік апаты салдарынан зардап шеккен Қазақстан азаматтары Ташкенттен елге жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзбекстан аумағында болған жол-көлік апаты салдарынан Қазақстанның алты азаматы зардап шегіп, біреуі оқиға орнында көз жұмды. Елші бұл мәселені жеке бақылауына алды. Қаза болған адамның мәйітін өзбекстандық және еліміздің полицейлері Алматыға жеткізді», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілердің сауалына орай.

А. Смадияровтың айтуынша, 2008 жылы туған бір бала тұрақты ауыр жағдайда Джизак қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Ал қалған төрт азамат Ташкент қаласында. Қазіргі уақытта оларды Шымкент қаласына жеткізу бойынша тиісті шаралар атқарылуда.

«Шымкенттен арнайы жедел жәрдем келді және дипломаттармен бірге зардап шеккендер Шымкентке жеткізіледі», - деп нақтылады баспасөз хатшысы.

Апатқа ұшыраған Шевроле маркалы жеңіл көліктің ішінде 2008, 2010 және 2013 жылы туған үш бала болды. Жол апатының себептері жарияланбады. Өзбекстан полициясы тергеу шараларын жүргізуде.

«Апат болған күні өзбекстандық полиция Ташкенттен білікті мамандарын көмек көрсету үшін жіберді. Сол күні біздің Денсаулық сақтау министрлігіміз Өзбекстанның денсаулық сақтау ведомствосымен байланысқа шығып, екі елдің дәрігерлері қажетті көмекті жасауда», - деді А. Смадияров.

Белгіл болғандай, зардап шеккендер туыстарына сапарлап бара жатқан. Жол-көлік оқиғасы таңғы сағат 3:30 кезінде болды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Өзбекстанның Сырдария облысындағы Ташкент-Термез тас жолында жеңіл автокөлік пен КамАЗ жүк көлігінің апаты орын алды.

«Салдарынан 7 адам зардап шекті, оның алтауы - Қазақстан азаматтары. Оның біреуі оқиға орнында мерт болды. Зардап шеккендердің арасында 2008 және 2010 жылы туған екі бала бар», - делінген еді таратылған хабарламада.

Соңғы жаңалықтар