Өзбекстанда Жалаңтөс Баһадүр туралы тарихи фильмнің түсірілімі басталды - шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстан елшісі ТР Мәдениет министрімен кездесті - TRT

Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі ТР Мәдениет және туризм министрімен кездесті. Кездесу барысында мәдениет және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсоймен кездесу өткізді.

Елші Е. Сәпиев мәдениет саласында екіжақты қатынастарды жандандыру бойынша нақты ұсыныстар жасады. Түркияның Мәдениет және туризм министрі М. Ерсой Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды толық қолдайтынын және екі ел арасында жан-жақты тәжірибе алмасуға дайын екендігін мәлімдеді.


Иран әртісі Қазақстандағы «Әбіш әлемі» театр фестивалінде әділқазы мүшесі болды - Parstoday


Ардебильдік әртіс Атабак Надери Қазақстандағы «Әбіш әлемі» атты екінші халықаралық театр фестивалінде әділқазы мүшесі болды. Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған.

Аталған ақпарат агенттігінің мәліметінше, қазақтың атақты жазушысы әрі аудармашысы Әбіш Кекілбаевтың атымен аталған бұл фестиваль 20-23 қыркүйек арасында Қазақстанның Ақтау қаласында өтті.

Айта кетейік, «Әбіш әлемі» театр фестивалі 2016 жылдан бастап ұлттық деңгейде, 2019 жылдан кейін халықаралық деңгейде өткізіле бастады. Бұл кезеңде Қазақстанның қойылымдарымен қоса, Ресей, Грузия мен Қырғызстан елдерінің туындылары көрсетілді.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, осы фестивальдің бұрынғы кезеңдерінде Ираннан режиссер Әлиреза Кушк Джалалидің «Робинзон Крузо» қойылымы, режиссер Акбар Садеқидің «Өзіңді менен алдың» және «Лир патша» қойылымдары көрсетілген.


Ұланбатырда қазақ жастарының «Жас талап 4» жинағы жарық көрді - Kaznews

Ұланбатырда жиырмаға жуық жас қаламгердің өлеңдері енген «Жас талап 4» кітабының ашылу салтанаты болып өтті. Бұл бастама «Алаш Моңғолия» мемлекеттік емес ұйымының ұйымдастырумен осыдан 4 жылдан бері үрдіске айналған. Төртінші жыр жинақ оқырман қауымға ұсынылып отыр, деп хабарлайды «Kaznews»ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, кезекті жыр жинаққа моңғолиялық ақын, жазушы, аудармашы Байыт Қабанұлы сарапшылық етсе, жас қаламгерлер Үміт Адайқызы мен Сүйеніш Талғатбекұлы баспаға дайындаған.

Айта кету керек, салтанатты рәсімге Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Зульфикар Сарқытұлы, Моңғол елінің мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, ақын, халық жазушысы, доктор, профессор Сұлтан Тәукейұлы, ақын, жазушы, аудармашы Байыт Қабанұлы, ММУ-дің француз тілі мұғалімі, доктор Алтынгүл Болатқызы, «Арулар» одағының төрайымы, «Ару жұлдыздар» журналының редакторы Айнагүл Сарайқызы, аудармашы, тіл маманы Самат Насырұлы, Қазақстан Республикасынан кәсіпкер Сырымбек Тауұлы мен ақын Дәурен Бақытқажы қатарлы азаматтар, өнер сүйер студент жастар қатысты.

Авторлары кітапқа алғы сөз арнап, ақыл кеңес берген ақын Байыт Қабанұлына, қаржылай демеушілік жасаған Зульфикар Сарқытұлына арнайы алғыс білдірді.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, енді «Жас талап 5» жинағы баспаға әзірленіп жатыр, алдағы уақытта оқырман қауымға жол тартады.


Қазақстан Қытайдағы ЭКСПО-ға ең құрметті қонақ ел ретінде қатысты - CNR

VII Қытай-Азия-Еуропа ЭКСПО көрмесіне қатысу үшін Еуразияның 32 елінен 3 000-нан астам компания жиналған. Қазақстан бұл халықаралық шараға негізгі қонақ ретінде қатысты, деп хабарлайды Қытайдың CNR басылымы.

20 қыркүйекте көрме аясында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі, «Kazakh Investment» мемлекеттік компаниясы және ЭКСПО ұйымдастыру комитетінің бастамасымен аралас оффлайн және онлайн режимінде Қазақстан-Шыңжаң кәсіпкерлер форумы өтті. Форум екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды нығайту, сауда байланыстары мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мақсатын көздейді.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, форумға Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі партия комитетінің хатшысы Ма Синруй, Қытай халықаралық сауданы дамыту кеңесінің төрағасы Рен Хунбин, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо және Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің өкілдері қатысты.

Айта кету керек, форумда Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен экономикалық әлеуеті, Қазақстан үкіметінің бизнес жағдайын жақсарту бойынша қабылдап жатқан шаралары және Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік кәсіпорындардың әлеуеті таныстырылды.

Форумнан кейін, Қазақстанның жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін Қытайға экспорттау, автоклавты газдалған блоктарды өндіруді қамтитын бірқатар коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды.

Сонымен қатар, аталған көрмеде Қазақстан ұлттық павильоны 20 ірі тамақ және жеңіл өнеркәсіп компанияларын көрсететін барлық қатысушы павильондар арасындағы ең үлкен павильон болды. Онда 140-тан астам тауар (күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер, бал, ұн, макарон, шырын, алкоголь және басқа) ұсынылып, компаниялар мен құрылыс материалдарын өндірушілер қатысқан.

Айта кетейік, Қазақстан көрме орны Шыңжаң Халықаралық көрме орталығының 3-ші сарайына орналастырылды, жалпы иеленген жер аумағы – 180 шаршы метр.

«Қазақстан ұлттық павильоны 23 қыркүйекке дейін ашылуын жалғастырды және Қазақстаннан өнім импорттау бойынша келісім-шарттарға қол қоюға мүдделі қытайлық бизнес өкілдеріне жан-жақты консультациялық қолдау көрсетті», деп жазған Қытайлық БАҚ.

Көрмені ҚХР-дағы ҚР Елшілігі консулдық бөлімінің басшысы Болат Сырлыбаев таныстырып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірген. Оның айтуынша, көрмеге қойған қазақстандық өнімдердің бастысы – ауыл шаруашылығы, яғни азық-түлік өнімдері. Биыл Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл. Бұл жолғы көрменің өткізілуі Қазақстан мен Қытай еліне болашақта ауыл шаруашылығы, сауда сынды әртүрлі жақтарда көптеген мүмкіндіктер әкеледі. Сондай-ақ, Болат Сырлыбаевтың мәліметінше, бұл ЭКСПО көрмесінде Қытай елі Қазақстанның көрме аясындағы іс-шараларға қатысуына тиімділіктер жасап, ең негізгі құрметті қонақ елі етіп орналастырып, үлкен көрме орнын ұсынған.


Бокс пен балға лақтырудан екі қандасымыз күміс жүлдегер атанды - Kaznews

Моңғолияның бүкіл халықтық XV спартакиадасы ойындарында Баян-Өлгий аймағының қоржынына тағы 2 күміс жүлде түсті.

Бокстан +91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бекнұр Қалиұлы финалда Чингэлтэй районының боксшысы С. Эрдэнэбаярдан ұтылып, жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Сонымен қатар, балға лақтырудан сынға түскен Баян-Өлгий аймағының спортшысы Шалқар Саматұлы күміс жүлдені жеңіп алды.

Бұл туралы осы аптада «Kaznews» ақапараттық порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 18 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша Моңғолияның бүкіл халықтық XV спартакиадасы ойындарында Баян-Өлгий аймағы 2 алтын, 2 күміс медаль иеленген көрсеткішпен 13 орынға тұрақтады.


Өзбекстанда қазақ баһадүрі туралы тарихи фильмнің түсірілімі басталды - «ӨзА»

XIV Ташкент халықаралық кинофестивалі аясында «Өзбекстан киносы күндері» өтті. Осы маңызды шара шеңберінде «Узбекфильм» киноконцернінің жаңартылған панорамалық павильонының таныстырылымы болды.

Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген деректерге сүйенсек, жаңа панорамалық павильон жоғары заманауи көркемдік және технологиялық деңгейде фильмдер түсіруге мүмкіндік береді. Бұрындары блокбастер мен экшн фильмдері хромакей арқылы түсірілсе, бүгінде StageCraft технологиясын қолдану арқылы барлығы жаһандық деңгейде өзгереді. Технология бір павильонның өзінде жоғары сапалы түсірілім жасауға мүмкіндік береді. Қымбат декорация орнына сахнаның артқы жағында қажетті атмосфераны толығымен жеткізе алатын үлкен ЛЭД жарықдиодты панельдер орнатылған. Нәтижесінде виртуалды әлемнің жоғары сапалы бейнесі экранда көрсетіліп, оператор камерасына еш қиындықсыз қосылады. Фондағы нысандардың орнын камераның орналасуына байланысты өзгерту сапалы фильм түсіруге мүмкіндік береді.

Кинофестиваль қонақтары жаңа павильонда «Жалаңтөс Баһадүр» тарихи фильмінің алғашқы эпизодын түсіру сәтіне куә болды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Қонақтар фильмнің режиссерлік камерада қалай түсірілгенін көрумен қатар, шығармашылық топ және фильм актерлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Айта кету керек, Жалаңтөс би Сейітқұлұлы (1576 жыл – 1656 жыл, Дахбед; ертедегі шығыс елдері баһадүр деп атаған) – Самарқандағы Бұхара хандарының қолбасшысы, саясаткері, губернаторы (әмірі). Сырдарияның саға-жағалауын мекен еткен Төртқара елінде туған.

Жалаңтөс бидің ата-тегі қазақ шежіресінде Сейітқұл бабаның сегіз ұлының бірі деп айтылады. Оның бәйбішесі – Сары кемпірден Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша, Ақшадан Бәйбек, одан атақты Әйтеке би туған. Екінші әйелі – Қара кемпірден Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Түрікмен, Қоян туған. Бұларды ел «Сегіз Сейітқұл» деген екен. Сонда Әйтеке би мен Жалаңтөс бір әке – Сейітқұлдан тараған болып шығады. Ол кейіннен өзбек және қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі болған.


Соңғы жаңалықтар