Өзбекстанда Жалаңтөс Баһадүр туралы фильм түсіріледі – Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет елдерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қаражондағы киіз үй соты - CNR

Апта басында Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Қытайдың Іле-қазақ автономиялы облысына қарасты Текес ауданындағы Қаражон туристік аймағы мемлекеттік деңгейдегі туристік аудан. Жақын жылдардан бері Қаражонның атағын естіп, бір көруге асыққан туристер саны артқан. Аталған аймаққа келушілер санының артуына байланысты саяхат орнында болатын келіспеушіліктер, дау-дамайлар көбейген. 2021 жылдың басында Текес аудандық халық сот мекемесі аталған туристік орынға сай келетін көшпелі сотты дамыту мақсатында «Қаражон саяхат киіз үй көшпелі сотын» құрды. Сол арқылы қарапайым халықтың заңды құқық-мүддесін қорғаған, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарат порталы.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, биыл «Қаражон саяхат киіз үй көшпелі соты» дауларды сол жерде шешіп жатыр. Сондай-ақ арыз-шағымды қабылдауда, арыз-шағымға жатпайтындарын ыңғайлауда, туризмге қатысы бар дауларды шешуде және саяхат барысында болған алдамкөстік сынды мәселелерді шешуде киіз үй көшпелі соты өз тиімділігін көрсеткен.

Айта кету керек, осы киіз үй көшпелі соты құрылғаннан қазірге дейін, саяхатқа, жайлымға, үйленуге, жергілікті тұрғындардың жеке басына зиян келтіруге қатысты 135 даулы мәселе сәтті шешімін тауып, заңмен басқарудың тиімділігін көрсеткен.


Өзбекстанда Жалаңтөс Баһадүр туралы фильм түсірілмек - «ӨзА»

Самарқандтағы Регистанның негізін қалаған Жалаңтөс Баһадүр туралы фильм түсірілмек, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, Жалаңтөс Баһадүр ұлттық деңгейдегі кейіпкер. Оның арқасында бүкіл әлем Регистан алаңының әсемдігі мен сәнін тамашалауда. 15 ғасырда Мырза Ұлықбек салған медресенің жанынан екі ғасыр өткен соң оның бұйрығымен екі медресе – «Шердор» және «Тилакори» салынды. Өзбекстан басылымы Жалаңтөс туралы мәлімет, өкінішке қарай, аз екенін айтады. Өзбекстан Президентінің жеке тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан бұл фильм де халыққа, әсіресе, жастарға сәулеттік мұралардың қалай жасалғанын жеткізуге бағытталған. Түсірлгелі жатқан тарихи туындының режиссері Джахангир Ахмедов фильмді дайындауға көрсеткен қолдауы, іс-шараларды өткізуге көмектескені үшін Самарқанд облысының әкіміне және қала әкімі Эркинжон Окботаевичга алғысын айтады.

«ӨзА» ақпарат агенттігінің келтірген дерегіне сүйенсек, Самарқанд шетелдік кинематографистерді тартатын орталыққа айналып келеді, қаланың кино түсірілім орны ретіндегі беделі тез артуда. Кинематография агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухоликов атап өткендей, Самарқанд бірлескен фильмдер түсіретін орынға айналды. Жақын арада мұнда өзбек-тәжік кинематографистерінің бірлескен «Науаи мен Жамий» фильмін түсіру жұмыстары басталады. Сонымен бірге, Самарқандта экшн жанрындағы «Бұл дүниеде маған орын жоқ» түрік сериалының түсірілімі басталмақ.

Айта кетейік, Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) Қызылорда облысы, Қазалы аумағында дүниеге келген. Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бимен аталас туыс болып келеді. Тарихи деректерге сүйенсек, 1640 жылы Жалаңтөс батыр қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты.

Жалаңтөс батыр Самарқанның орталығы Регистанда 1619-1633/36 жылдары «Ширдор» (Арыстан медресесі) медресесі мен 1647-1660 жылдары «Тиллакори» (Алтынмен апталған) медресесін салдырды, кейінірек олар бүкіл елге әйгілі болды. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің әсемділігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алады.

Жалаңтөс батырдың сүйегі Самарқаннан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындағы зиратқа қойылған. Жалаңтөс батырдың ұрпақтары бұл күнде Қызылорда облысының Қазалы ауданында ғұмыр кешуде.


Қазақтың ұлттық қолөнер кәсібін дамыту жолға қойылды – CNR

Сырмақ – қойдың биязы жүнінен басылған жұқа киізге басқа түсті киізден ою-өрнек сырып, астар салынып тігілетін бұйым.

Қазақ халқында сырмақ сырудың, яғни сырып тігудің негізгі үш тәсілі кеңінен тараған. Олар: қайып сыру, тепшіп сыру, қабып сыру. Бұларды негізінен жіп салып сыру және жіп салмай сыру деп екі түрге топтастыруға болады. Сырмақ бес түрлі бөліктен, яғни екі басы, екі жаны және орта деп аталатын бөліктерден тұрады. Әдетте сырмақ жасауға арналған киізді қойдың күзде қырқылған күзем жүнінен басқан. Ұлттық қолөнеріміздің бұл түрі Қытай қазақтарында қазіргі уақытқа дейін кеңінен жалғасып келеді. Кей өңірлерде қолөнерші әйелдер бірлесіп сырмақ тігіп, өнімдерін базарға саудаға қояды.

Қытайдың Шағантоғай ауданының әкімшілігі ұлттық ерекшелікке ие қолөнер кәсібін дамытуды жолға қойып, бірлесіп жұмыс істеуге кәсіптенушілерге қолдау білдіріп отыр, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Шағантоғай ауданының Алтынеміл, Қарасай, Ақтекше, Жаңажер және Мұхыр қатарлы ауылдарының қазақ қыз-келіншектері ұлттық қолөнер сырмақ тігу мен кесте тігуден бірлескен ұйым құрып, отбасында отырған әйелдерді кәсіпке тартуда.

Сырмақ тігуді кәсіпке айналдырған Алтынеміл ауылының тұрғыны жұмысы көңілінен шығатынын айтады. Оның сөзінше, ауылда «Алтын саусақ» деп аталатын ұлттық қолөнер ұйымы құрылғалы біраз жыл болған. Мұндағы жұмыскерлер негізінен егінші-малшылар. Сырмақты үйде тігеді. Ұйым ойдағыдай еңбекақы беріп отыр. «Үйде бос отырмай, сырмақ тігіп, ұлтымыздың қолөнерін дамытып, сол арқылы кәсіп үйренген жақсы екен», - дейді алтынемілдік қолөнер.


Қазақстанның дрондары Сербияға экспортталады- Parstoday

Қазақстанның дрондары Сербия еліне экспортталады.Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

Parstoday ақпарат агенттігінің келтірген дерегіне сүйенсек, Сербия Қазақстаннан ұшқышсыз ұшақ сатып алады. Бұл дрондарды сатып алу туралы келісімге «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы мен сербиялық «Югоимпорт-СДПР» (YUGOIMPORT-SDPR) компаниясы арасында қол қойылған. «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының хабарлауынша, бұл ел шығарған ұшқышсыз ұшақтар жылу ағынының тренажерімен, тез ажыратылатын қанаттарымен, автоматты ұшқыш жүйесімен және парашют жүйесімен жабдықталған.

Айта кету керек, Қазақстанда жасалған бұл дрондардың тоқтаусыз максималды ұшу қашықтығы 55 км, ең жоғары ұшу биіктігі 3500 метр.

Сонымен қатар, «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстан мен Сербия арасында қол қойылған келісімге сәйкес, жақын арада зымырандар мен артиллериялық оқ-дәрілер, сондай-ақ 82 және 120 мм калибрліні бірлесіп шығару басталады.

Сондай-ақ осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігінде «Қазақстанда жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндіру 21 пайызға өсті» деген тақырыптағы ақпаратта жарық көрді.

«Parstoday»-дің мәліметі бойынша, 2022 жылдың бірінші тоқсанында жаңартылатын қуат көздерінен электр қуатын өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6 пайызға артып, 933,1 миллион киловатт сағатқа жетті. Күн электр станциялары жаңартылатын энергия көздерінің ішінде ең үлкен орнатылған қуатқа ие болғанымен, жел электр станциялары іс жүзінде Қазақстанда ең көп электр энергиясын өндірді, жылына 27,1 пайызға артып, шамамен 545 миллион киловатт сағат электр энергиясын құраған.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерімен өндірілген электр энергиясының үлесі 3,03 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,64 пайызға өсті. 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің белгіленген қуаты 2,1 мың мегаваттқа жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,1 пайызға артық.

Серік Бердімұратұлы мемлекеттік дәрежедегі палуан атағына ие болды - Kaznews

Моңғолияда Ғұн империясының 2230, 2231 жылдығы, Моңғол империясы орнауының 815, 816 жылдығы, Ұлт азаттық қозғалысының 110, 111 жылдығы және Халық революциясының 99 жылдығына орай Моңғолияның Ұлттық мерекесі ұйымдастырылды. Халық революциясының 100, 101 жылдығы Моңғолияның Ұлттық мерекесіне арналған күрес сайысы аяқталды.

Баян-Өлгей аймағының тумасы Мемлекеттік начин (қаз. лашын) Серік Бердімұратұлы күрестің 7 кезеңінде мемлекеттік «заан» Доржийн Анарды жығып, мемлекеттік «заан», яғни мемлекеттік піл дәрежелі палуан атағына ие болды, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпарат агенттігі.

Бұл туралы апта басында ҚазАқпарат та жазған болатын.

Айта кетейік, Серік Бердімұратұлы жасыл алаңда Э.Сумьяабат (6 кезең), Ц.Төмөрцоож (5 кезең), П.Даваадорж (4 кезең), Ш.Чинтулга (3 кезең), Б.Өлзийсайхан (2 кезең), Э.Дашзэвэг (1 кезең) қатарлы пауландарды айқын басымдықпен ұтты.

Тек 8-кезеңде мемлекеттік аварга (қаз. чемпион) дәрежелі палуан Намсрайжав Батсуурьдан ұтылып қалды.

Моңғолиялық қандасымыз Серік Бердімұратұлы 1994 жылы туған. Салмағы 110 келі. 2011 жылы аймақтық піл дәрежелі палуан, 2013 жылы аймақтық арыстан дәрежелі палуан, 2017 жылы мемлекеттік лашын дәрежелі палуан атақтарын алған.


Іле тұлпары XXX халықаралық туризм мерекесі басталды – CNR

Қытайдың Моңғұлкүре ауданының көркі көз тартатын сайын даласында ат спорты мәдениетін дамыту мақсатында Іле тұлпары XXX халықаралық туризм мерекесі басталды, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарат порталы.

1992 жылдан бастап бүгінге дейін 30 рет өткізілген тұлпар мерекесіне саяхатшылар төңіректің төрт бұрышынан Қарағанты жайлауындағы бас қосуға келіп үлгерген.

Қазан айына дейін жалғасатын Моңғұлкүре ауданындағы биылғы тұлпар мерекесінде 30-ға жуық мәдени іс-шара жасыл желек жамылған осы көрікті тұлпар мекенінде өткізіледі.

Айта кетейік, Моңғұлкүре ауданы тек «Тұлпар мекені» деген атымен ғана емес, «Қышы мекені», «Кемпірқосақ мекені» және Шыңжаңдағы сортаң жері жоқ көрікті жер деген атымен де алыстағы туристерді өзіне тартуда.

Сонымен қатар XXX Іле тұлпары халықаралық туризм мерекесі тартымды көнцерт нөмірлерімен қатар сайын даладағы сәйгүліктердің дүбірлі додасы арқылы алыс-жақыннан келген көрермендерді таңғалдырмақ. Аталған ат спорты мерекесінің көркін асыру үшін Қарағанты жайлауына көптеген киіз үйлерде тігілген.


Соңғы жаңалықтар