Өзбекстанда үнді дәрісінен уланған тағы бір сәби жансақтау бөліміне түсті

None
ФЕРҒАНА. ҚазАқпарат – Ферғана облысында «Док-1 Макс» дәрісінен улану жағдайы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өзбекстан ұлттық ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ферғана облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2022 жылғы 28 желтоқсанда сағат 12:35-те республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығы Ферғанадағы филиалының балалар жансақтау бөліміне үш жасар бала – Кувасай қаласының 2019 жылғы тұрғыны түсті. Оған «Док-1 Макс» сиропын ішіп уланды» деген диагноз қойылды. Бүлдіршіннің жағдайы ауыр.

Суық тиген баланы үйде емдеу кезінде шамадан тыс мөлшерде «Док-1 Макс» сиропы берілгені анықталды. Бүлдіршінге бұдан басқа тағы бірнеше препарат берілген.

Науқастың ауруы жөтелден басталған. Баланың анасы дәріханадан дәрігердің нұсқауынсыз «Док-1 Макс» сиропын сатып алып, 4 тәулік бойы күніне 10 рет 5 мл-ден беріп отырған.

Қазір баланың жағдайы ауыр. Оны бекітілген стандартқа сәйкес емдеп жатыр.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, 22 желтоқсан күні Өзбекстанда балалардың өліміне себеп болуы мүмкін деген негізбен тұмау мен суық тиюге қарсы үнділік «Док-1 Макс» препаратын сатуға уақытша тыйым салынды.

27 желтоқсанда ӨР Денсаулық сақтау министрлігі 18 баланың өлімі «Док-1 Макс» препаратынан болғанын растады. Мемлекеттік сараптама және стандарттау орталығы препарат талапқа сай келмейді деген қорытынды шығарды.

Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (МҚҚ) 18 баланың тұмауға қарсы үнді дәрісінен кейін көз жұму оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады.

29 желтоқсанда «Док-1 Макс» препаратын ішкен тағы бір бала қайтыс болғаны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар