Өзбекстанда туристерге Tax Free жүйесі енгізіледі

None
Фото: shutterstock.com
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстанның бес әуежайында туристер үшін Tax Free жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік салық комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Министрлер кабинетінің қаулысы қабылданды, оған сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан аумағында бөлшек сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлерден тауарлардың жекелеген түрлерін сатып алу кезінде шетелдік азаматтар төлеген ҚҚС сомасын қайтару бойынша эксперимент ретінде Tax Free жүйесі енгізіледі», - деп хабарлады ведомство.

Комитеттің мәліметінше, туристер Өзбекстан аумағынан Ташкент, Самарқан, Бұхара, Ферғана және Үргеніш халықаралық әуежайлары арқылы шығу кезінде тауар сатып алған күннен бастап үш ай ішінде аэровокзал ғимаратындағы жүйе операторына хабарласа отырып, ҚҚС қайтаруды рәсімдей алады.

Tax Free сомасы шетелдік азаматтың Өзбекстан аумағынан кету мәртебесі расталғаннан кейін сатып алу операциясы жасалған айдан кейінгі айдың 25-інен кейін қайтарылады.

Tax Free жүйесіне жататын тауарларды сатып алудың жалпы сомасы кем дегенде 1 миллион сомды ($90) құрауы керек.

«Эксперимент қорытындысы бойынша 2024 жылдан бастап ҚҚС қайтаруды рәсімдеу пунктілері барлық халықаралық әуежайлар мен вокзалдарда, сондай-ақ Өзбекстанның шекара пунктілерінде кезең-кезеңімен енгізіледі», - деп атап өтті мемлекеттік салық комитетінің баспасөз қызметі.


Фото: shutterstock.com


Соңғы жаңалықтар