Өзбекстанда «Спутник V» вакцинасының бірінші партиясы шығарылды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда «Спутник V» вакцинасының бірінші партиясы шығарылды. Бұл туралы «Өзбекстан 24» телеарнасына Өзбекстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық қызметінің басшысы Баходир Юсупалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

«Спутник V» вакцинасының бірінші партиясы бөтелкеге құйылды. Сапаны бақылауды тексеру үшін ол Ресейге Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл – қажетті рәсім, ол барлық жерде өткізіледі. Енді біз тексерудің нәтижелерін күтеміз, содан кейін республикамызда толыққанды өндірісті жүзеге асыруға болады», - деді Б.Юсупалиев.

Ол вакцинаны Алмалық қаласындағы «Jurabek Laboratories» фармацевтикалық кәсіпорны өндіргенін атап өтті. Бірінші кезеңде вакцина үшін шикізат Ресейден жеткізіледі.

«Бірінші кезеңде вакцина Ресейден жеткізілетін шикізаттан жасалады деп жоспарлануда. Алайда жаңа зертхананың құрылысы басталды, соның арқасында Өзбекстанда осы препаратты өндірудің толық циклі жолға қойылады», - деп атап өтті СЭС басшысы.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда егу кампаниясы 1 сәуірде басталды.

Қазіргі уақытта вакцинация үш препаратпен, атап айтсақ AstraZeneca еуропалық вакцинасымен, ZF-UZ-VAC2001 қытай-өзбек вакцинасымен және ресейлік «Спутник-V» вакцинасымен жүзеге асырылады.

Эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты 17 шілдеде Коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы комиссия сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және білім салаларында жұмыс істейтін 18 жастан асқан азаматтарды, сондай-ақ әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін міндетті түрде вакциналау туралы шешім қабылдады.

Қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасының Парламенті жұмыс істейтін халықты міндетті түрде вакциналау туралы заң жобасын қарастыруда.


Соңғы жаңалықтар