Өзбекстанда шетелдіктерді тіркеу тәртібі алынып тасталады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан өз аумағында шетелдіктерді тіркеу тәртібін алып тастауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Сонымен, СОВАЗ мемлекеттік порталында жарияланған (Өзбекстан Республикасының нормалық-құқықтық құжаттарын талқылау) президент жарлығының жобасына сәйкес, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап Өзбекстанға 30 күнге дейінгі мерзімге келген шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу тәртібі жойылады.

Шетелдіктердің келіп-кетуін бақылау мемлекеттік шекарадан өткен кезде міндетті саналатын туристік салықтың төленгенін тексеру жолымен жүзеге асырылады. Осыған байланысты, барлық тексеру-өткізу бекеттерінде валюта айырбастау және туристік салықты төлеу үшін пунктілер құрылады.

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы стандарттарға сәйкес, шетелдіктер Өзбекстан шекарасынан өткен күннен бастап бес күн ішінде елдің ішкі істер органдарында тіркеуден өтуі керек.

Бұған дейін Қазақстанда да осындай шаралар қабылданған болатын. Сонымен, биылғы қазан айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік азаматтарды міндетті тіркеуді алып тастау жөнінде бұйрық берді. Қазақстан Республикасы Президентінің айтуынша, шетелдік қонақтардың шекаралық бақылаудан өтуінің өзі тіркеуге жатады.

Автор: Мирас Қуандықов

Соңғы жаңалықтар