Өзбекстанда «Өзбекғарыш» ғарыш агенттігі құрылады

None
None
ТАШКЕНТ. ӨзА-ҚазАқпарат – Өзбекстанда «Өзбекғарыш» ғарыштық зерттеулер және технологиялар агенттігі құрылады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА ӨзА агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Елде ғарыштық зерттеулер және технологиялар саласында жерді қашықтан зондтау, спутниктік байланыс, навигациялық жүйе сынды қызметтер мүлдем дерлік жүзеге асырылмайды. Олар ауыл және су шаруашылығы, экология, телекоммуникация, геологиялық барлау, картография, метеорология, сейсмология және қала құрылысы сияқты салаларда тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Елдің одан арғы тұрақты дамуы үшін қолда бар ғылыми-техникалық әлеуетті тиімді іске асыру мақсатында, соның ішінде экономиканың түрлі салаларында инновациялық ғарыш технологияларын пайдалану жолымен, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Өзбекстан Республикасының Министрлер кабинетінің жанынан Ғарыштық зерттеулер және технологиялар агенттігін («Өзбекғарыш») құруды тапсырамын», - делінген ел Президенті Шавкат Мирзиёевтің қаулысында.

Құжатта атап өтілгендей, «Өзбекғарыш» агенттігінің негізгі міндеті ғарыштық зерттеулер және технологиялар саласында бірыңғай мемлекеттік саясат пен стратегиялық бағыттарды, Өзбекстан Республикасында ғарыш саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, іске асыру, сондай-ақ ғарыш саласының инфрақұрылымын жасау болып табылады.


Соңғы жаңалықтар