Өзбекстанда мемлекеттік мекемелер мен экономика нысандары баламалы энергиямен жабдықтауға көшеді

Фото: None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда мемлекеттік мекемелер, экономика және үй шаруашылығы нысандары кезең-кезеңімен баламалы энергиямен жабдықтауға көшеді. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі республика басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент қазірдің өзінде халық кем дегенде 2-3 млрд кВт/сағ электр энергиясына қажеттілікті сезінетінін, ал таяудағы бес жылда бұл сұраныс тағы да 10 млрд кВт/сағатқа өсетінін атап өтті. Сондықтан баламалы энергия көздерін енгізу өте маңызды.

«Өзбекстан жылына 10 млрд долларға электр энергиясы мен газ тұтынады. Егер біз оның 10%-ын үнемдеуді үйренсек, осы 1 млрд долларды басқа қажеттіліктерге жұмсай аламыз», - деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан басшысы Менделеев атындағы химия-технологиялық университетінің Ташкент филиалын мысалға келтірді. Онда 2021 жылы қуаттылығы 100 кВт болатын күн электр жабдықтары орнатылған, жылына 200 мың кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі. Соның арқасында шамамен 2 миллиард сом үнемделеді. Осыған байланысты жоғары білім министрлігіне бұл тәжірибені 2022 жылы барлық жоғары оқу орындарында енгізу тапсырылды.

Мұндай жабдықты әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде де орнататын болады. Жыл соңына қарай билік 2107 балабақшаны, 1000 мектепті, 1000-нан астам емхана мен отбасылық медицина пункттерін, 200 санаторийді күн панельдерімен және су жылытқыштармен жабдықтауды жоспарлап отыр.

Президент министрліктер мен ведомстволардың, хокимияттардың, махаллейлердің ғимараттарын да баламалы энергияға көшірудің уақыты келгенін атап өтті.

«Министрліктер мен ведомстволарға электр және жылу энергиясына жұмсалатын шығындарды кемінде 25%-ға қысқарту жөнінде бағдарлама әзірлеу тапсырылды. Қаржы министрлігі жыл қорытындысы бойынша шығындарды төмендетпеген басшыларға қатысты шаралар қабылдау бойынша ұсыныстар енгізеді», - деп атап өтті Шавкат Мирзиёев.

Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап СОО, мейрамханалар, жанармай құю бекеттері, әуежайлар, банктер және басқа да нысандар жаңартылатын энергия көздері есебінен ыстық су мен сыртқы жарықтандыруды тұтынудың кемінде 25%-ын жабуға міндетті.


Соңғы жаңалықтар