Өзбекстанда қызметкерлерді міндетті вакциналау туралы заң жобасы қаралып жатыр

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің заң шығару палатасы жұмыс істейтін тұрғындар үшін коронавирусқа қарсы міндетті вакциналаудың құқықтық негізін бекітетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Олий Мажлисі заң шығару палатасының баспасөз қызметі хабарлағандай, «Миллий тикланиш» партиясының депутаттары жұмыс берушілердің коронавирусқа қарсы вакциналанбаған немесе вакцинадан негізсіз бас тартқан қызметкерлерді жұмысқа жібермеу құқығын заңнамалық түрде бекітуді ұсынды.

«Осының нәтижесінде коронавирус инфекциясының жаңа толқынын болдырмау үшін халықты жаппай вакциналауды белгілеу үшін құқықтық база қосымша нығайтылып жатыр. Жұқпалы аурулардың таралу қаупі туындаған жағдайда профилактикалық вакциналауды енгізу туралы қолданыстағы заңнамада байқалған қайшылықтар жойылады», - деп хабарлады ведомство.

Осы мақсатта парламентшілер тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

«Қоғамдық денсаулық сақтау туралы» заңның 28-бабында карантин және адамдар үшін қауіпті басқа да жұқпалы аурулар қаупі болған жағдайда, Өзбекстан Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шешімімен халық вакциналануы мүмкін. Еңбек кодексінің 113-бабында жұмыс беруші жұқпалы аурулардың таралу қаупі төнген жағдайда профилактикалық вакциналаудан бас тартқан жағдайда, қызметкерді жұмысқа алмауға құқығы бар», - делінген.

Еске сала кетейік, 17 шілдеде Өзбекстанның коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы республикалық комиссиясы сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және білім беру салаларында жұмыс істейтін 18 жастан асқан азаматтарды, сондай-ақ әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін міндетті түрде вакциналау туралы шешім қабылдады.


Авторы Мәдибек Жәнібеков


Соңғы жаңалықтар