Өзбекстанда ҚР экономикасын цифрландыру жайы талқыланды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкентте Қазақстан және Өзбекстан сарапшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі. 

Оны Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігі ұйымдастырды. Шарада «ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасы», ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Цифрлық Қазақстан және ЕАЭО цифрлық күн тәртібі», сондай-ақ «Орталық Азия өңірі және оның ҚХР-мен ынтымақтастық аясында дамуы» тақырыптары талқыға салынды.

Дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев, ҚР Интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабыров, сондай-ақ қазақстандық сарапшылар Марат Шибұтов пен Татьяна Каукенова сөз сөйледі.

Шарада ҚР азаматтарын баспанамен қамтамасыз етудің басты бағыттары, салық жүктемесін азайту, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ шағын несие, елді газдандыру мәселелері талқыланды.

ҚР Интернет қауымдастығының басшысы Шавкат Сабыров Қазақстанның электронды үкімет порталында цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы электронды мемлекеттік қызмет көрсетуді енгізген алғашқы елдердің бірі екенін айтты.

«18 млн халқы бар Қазақстанда 14 млн банк есеп-шоты бар. Егер банкте есеп-шотыңыз болса, салықтар мен қызметтерді цифрлық форматта төлей аласыз деген сөз. Ал ӨР Орталық банкінің мәліметінше, Өзбекстан халқының саны 32 млн болғанымен, ашылған банк есеп-шотының саны 8 млн ғана. Өткен жылы интернет-банкинг қызметін пайдаланатын халық саны 4 млн 200 мың адамды құраған. Экономиканың дамып, цифрландыру үдерісінің сәтті жүргізілуі үшін онлайн банкингті пайдаланатын адамдардың саны артуы тиіс. Цифрлық экономикада онлайн банкингті пайдаланатын заңды тұлғалардың саны жеке тұлғалардан да көп болуы қажет», - деді ол.

 

 

Соңғы жаңалықтар