Өзбекстанда қазақстандық өнімдерге сұраныс жоғары

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстандықтар Қазақстаннан тауар алып кету үшін шекарада сағаттап кезекке тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар-24 телеарнасына сілтеме жасап.

Құрылыс заттарын айтпағанның өзінде бізден азық-түлік пен тұрмыстық техникалар да көптеп тасымалданады. Өйткені көрші елдің нарығында Қазақстанда жасалған тауарларға деген сұраныс көп.

«Оған қоса, бағасы қалтаға қонымды және сапасы жоғары», - дейді сатушылар. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бір ғана «Жібек  жолы» шекара бекетінен тәулігіне арлы-бері 30 мыңға жуық азамат қатынайды екен. Олардың басым бөлігі Қазақстаннан тұрмыстық техникалар мен азық-түлік тасымалдап жатыр. Тиісінше Өзбекстаннан жеміс-жидек бері қарай өткізіледі.

Жалпы жыл басында Өзбекстан кез келген азаматқа шекара арқылы қалағанынша тауар алып өтуге рұқсат берген болатын. Алайда қазіргі таңда бірқатар шектеулер қойылған. Яғни қолмен тасымалданатын жүктің  салмағы 10 келіден аспауы керек. Тиісінше айына бір рет тұрмыстық техниканы алып өтуге рұқсат етілген.

«Жалпы Өзбекстанның ішкі нарығында Қазақстанда жасалған өнімге деген сұраныс жоғары», - дейді сатушылар. Өйткені ұлы дала елінде жасалған отандық өнім бәсекеге қабілетті.    

«Өзбекстанның ішкі нарығында Қазақстанда жасалған өнімге деген сұраныс артып келеді. Бұл біздің қазіргі президенттеріміздің жүргізіп отырған саясатының нәтижесі деп білемін. Шекара ашылып, қазақстандық тауарлар Өзбекстан нарығына көптеп жеткізіле бастады. Біздің дүкенде де қазақстандық тауарлар сатылып жатыр. Жергілікті тұтынушылар талабынан шығатын тауарлар. Демек Өзбекстан мен Қазақстан арасында сауда-саттық деңгейі артты деуге негіз», - дейді кәсіпкер Сурьат Абидов.

Жалпы, Өзбекстанда әуе жолы арқылы баж салығынсыз тасымалданатын жүктің мөлшері 2 мың АҚШ долларынан аспауы керек. Теміржол мен өзен арқылы бұл көрсеткіш мың долларды құрайды. Жаяу жүргіншілердің шекара бекеттері арқылы қолмен алып өтетін жүгі 300 доллар көлемінде болуы керек. Бұл - көрші елдің ішкі талабы. Қалай десек те, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарадағы бірқатар кедергілердің алынып тасталуы барыс-келісті арттырып қана қоймай, сауда-саттықтың жақсаруына негіз болып отыр. 

Соңғы жаңалықтар