Өзбекстанда іздеу жарияланған қылмыскер елордада ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының аумағында жасалған 80 қылмыстың беті екі күнде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

29 шілде мен 4 тамыз аралығында елордада «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы өтуде. Қалалық полиция департаментінің мәліметіне сенсек, алғашқы екі күнде тәртіп сақшылары 80 қылмыстың бетін ашқан. Оның 28-і бұрын жасалғандар, 52-сі бойынша қылмыскерлер ізі суымай ұсталған.

«Мәселен, полиция қызметкерлері әйелдерді тонаған қала тұрғынын ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Одан айғақтық заттар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктінің қала аумағында жасалған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр», - делінген департамент дерегінде.

Жалпы, шара басталғалы Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша ұстау изоляторына 11 қылмыскер жеткізілген.

«Тағы 12 адамды қамауға алу туралы сот санкциясы бар. Сондай-ақ, хабар-ошарсыз кеткен 4 адамның орналасқан жері анықталды. Алаяқтық және ұрлық жасаған 5 адам ұсталды. Оның біріне Өзбекстан Республикасында іздеу жарияланған болатын», - делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар