Өзбекстанда Абайдың шығармашылық мұрасына арналған мәдениет күндері өтеді - Шетелдегі қазақ БАҚ-қа шолу

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстанда Абай д ың шығармашылық мұрасына арналған мәдениет күндері өтеді - «ӨзА»

2022 жылдың 5-10 желтоқсан күндері Өзбекстанда ұлы ақын, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлына раналған «Абай Құнанбев мұрасы күндері» атты мәдениет күндері ұйымдастырылады, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымның мәліметінше, Абай Құнанбайұлы мұрасы күндерін өткізудегі мақсат - Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты одан әрі нығайту және Қазақстан Президентінің Ташкентке алдағы мемлекеттік сапары бағдарламасының мазмұнын байыту.

Мәдениет күндері аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, ақынның шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылады. Сонымен қатар Өзбекстанның орта және жоғары оқу орындарында екі елдің белгілі ақын-жазушылары мен ғалымдарының қатысуымен Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған шығармашылық кеш өтеді, Ұлттық академиялық драма театрда «Абай» қойылымы көрсетіледі.

Айта кету керек, Өзбекстан Жазушылар одағы мүшелерінің қатысуымен жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультеттерінде Абай шығармашылығына арналған іс-шаралар да жоспарда бар. Сонымен қатар, Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университеті Ташкент мемлекеттік шығыстану университетімен бірлесіп, «Абай философиясы мен Орталық Азия ойшылдары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырады.

Бұдан бөлек, «ӨзА» ақпараттық агенттігінің дерегінше, «XIX ғасырдағы өзбек және қазақ ойшылдарының ортақ тарихи-мәдени мұрасы және дүниетанымының нығаюы мен дамуы» тақырыбындағы ғылыми конференция, Абай өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетілімі, Ташкент, Науаи, Жызақ, Сырдария облыстарында Абай шығармашылығына арналған мәдени-шығармашылық кештер өтуі жоспарланған.

Баян-Өлгийде «Интеллигенттер» додасы ұйымдастырылды –Kaznews

Моңғолияның Республика күніне орай Баян-Өлгийде тұңғыш рет аймақтың әр өңірінен 14 команда қатысқан «Интеллигенттер» додасы өтті, деп хабарлайды «Kaznews» ақпараттық агенттігі.


Аталған басылымның дерегінше, «Интеллигенттер» додасына, «Қызыл жебе», «Сұңқар», «Болашақ», «Зерде» қатарлы командалар өзара бақ сынасқан.

Айта кетейік, дода 5 кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, Арман Сқабылұлының «Егіз жүрек» кітабынан дайындалған сұрақтар, «Әлем тарихы», «Мемлекеттер туралы», «Еліміздің ерекшеліктері туралы» және «Қазақ халқы туралы» деген бес кезеңнен құралған.

Жарыс қорытындысы бойынша, үш үздік орынға марапаттар берілген.

Ақпарат соңында «Kaznews» агенттігінің негізін қалаушысы Өмірбек Қабайұлы аталған додаға демеуші болғаны жазылған.

Қытайға «Қорғас» кедені арқылы 100 тоннаға жуық Қазақстанның қой жүні кірді - «Халық газеті»

23 қарашада Қазақстаннан салмағы 97,7 тонна импортталған қой жүні елге Шыңжаңдағы «Қорғас» кеден бекеті арқылы пойызбен кіріп, тоқыма бұйымдарын өндіру және қайта өңдеу үшін Хэбэйдің Хэншуй қаласына жөнелтілді. Бұл - 1 қарашада Қытай қант, жүн, жүн жолақтары және басқа да тауарлардың импортына тарифтік квотаның электрондық сертификатын бергеннен бері Шыңжаңдағы кедендік тексеруден өткен алғашқы импорттық тауарлар тобы, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.


Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, «Қорғас-Чжундин» халықаралық көлік-экспедиторлық компаниясы жауапты тұлғасының айтуынша, осы уақытқа дейін бұл компания 2500 тонна жүн импорттағанын және бұрын үнемі қағаз тарифтік квота сертификаттарын қолданғанын айтты. Енді электронды сертификаттар пайдаланатындықтан, кәсіпорындарды кедендік декларациялау тиімділігі едәуір артып, бұл тауарларды ыңғайлы кедендік ресімдеуге ықпал етеді.

«Халық газеті» дерегіне сүйенсек, биыл қытайлық Бас кеден басқармасы сыртқы сауданың тұрақтылығы мен сапасына жәрдемдесу, импорттық тарифтер мен квоталарды қағазсыз кедендік ресімдеуге ықпал ету, корпоративтік шығындарды азайту және корпоративтік қиындықтарды жеңілдету бойынша он шара енгізді.

«Мәліметтерге сәйкес, осы жылдың қаңтар-қазан айларында «Қорғас» арқылы 4314,8 тонна қой жүнін импорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102%-ға артқан», деп түйіндейді қытайлық басылым.

Юнус Эмре институты ҚР П арламенті кітапханасына бірнеше жинақ табыс етті - TRT

Қазақстандағы Юнус Эмре институты Қазақстан Парламенті Мәжілісінің кітапханасына түрік және қазақ тілдерінде басылып шыққан кітаптарды табыс етті, деп мәлімдейді Түркия Радио Телевизия порталы.


Аталған БАҚ-тың дерегінше, институт Парламент Мәжілісінің кітапханасына кітап сыйға тартқан алғашқы шетелдік мекеме болды. Қазақстан Парламенті ғимаратында өткен кітап тапсыру рәсіміне Парламент депутаттары қатысқан.

Түрік және қазақ тіліндегі кітаптарды Астана Юнус Эмре институты басшысы Алмагүл Исина тарту еткен. А.Исина Қазақстан Парламенттік Мәжілісінің кітапханасымен басқа салалардағы ынтымақтастық жалғасатынын атап өтті.

Айта кету керек, кітапханаға тарту етілген кітаптар арасында Ахмет Ясауи, Қорқыт ата, Түркия және түрік мәдениетін жан-жақты танытқан еңбектер қамтылған.

Қазақ елі «Отандастар» қорының өкілдері Баян-Өлгий аймағында жүр -Janadauir.com

Қазақстанға, 2022 жылдың бастапқы 10 айының мәліметі бойынша, 15637 этникалық қазақ қоныс аударған. Ең көбі Өзбекстаннан, яғни 65,2 пайызын құрап отыр. Ал, Қытайдан келгендер 9,2 пайызын құраса, Ресей - 8,8 пайыз, Түркіменстаннан келген қандастар 8 пайызын құраса, Моңғолиядан - 4,8 пайыз, басқа елдерден, Еуропадан келгендер 4 пайызды құраған, деп бастайды моңғолиялық Janadauir.com порталы.


Аталған басылым қандастардың еліміздегі басымдық берілген аймақтарға - Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарына көшіп барса, көші-қон қаржысы, тұратын баспанасының жал ақысы, жұмыспен қамту қатарлы жеңілдіктер көрсетілетінін жазады.

«Қазақстан елі тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізбен саяси, экономикалық және мәдени қатынасын үзбей жалғастырып келе жатыр. Аймағымызда «Отандастар» қоры сыртқы қатынастар бөлімінің кеңесшісі Қалыбек Қобыландин мен Қандастарды ақпараттық қолдау департаментінің басқарушы директоры Гүлмира Бекетайқызы келіп жұмыс істеуде», - деп хабарлаған моңғолиялық БАҚ.

Қазақстан Иранның транзиттік әлеуетін пайдалануды қуатта й ды -Parstoday

Қазақстанның Сауда даму министрлігінің орынбасары ИИР-дың транзиттік әлеуетін пайдалануды талап етті. Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлады.

Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстандық компания бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров, Қазақстанның Сауда даму министрлігінің орынбасары бастаған осы елдің сауда-көлік делегациясының Тегерандағы Иран Сауда палатасының халықаралық орынбасарымен бірлескен кездесуінде Қазақстан Президентінің жақында Иранға сапарына байланысты пікір алмасқан.

«Қазақстан Үкіметінің маңызды мақсаттарының бірі – Иранның транзиттік әлеуетін пайдалану. Иранның Қазақстанға экспорттық әлеуеті өте жоғары болғанымен, Қазақстанға ирандық тауарлардың төмен көлемі ғана кіреді», - деген Н.Құлбатыров.

Ал ирандық өкілдердің бірі Алиреза Иавари екі ел арасындағы өте жақын қарым-қатынастарға тоқталып, Қазақстанның Иранмен сауда ынтымақтастығын дамыту – басты бағыттардың бірі екенін қуаттаған.


Соңғы жаңалықтар