Өзбекстанда 1 миллионнан астам адам вакциналанды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанда екпе науқаны басталғалы бері корнавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 1 миллионнан астам адам алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 6 мамырдағы мәліметтері бойынша елде 1 009 510 адам екпе салдырған, олардың 32 533-і вакцинаның екінші дозасын алған.

Елдің өңірлері арасында вакциналау бойынша Ферғана облысы көш бастап тұр. Мұнда 128 838 адам егілген. Рейтингіде келесі орындарға 118 093 адам екпе салдырған Андинжан облысы, 108 560 тұрғыны вакциналанған Наманган облысы мен 99 736 азамат егілген Самарқан облысы жайғасқан.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда 1сәуірде екпе науқаны басталды. Тұрғындарды вакциналаумен қамту біртіндеп кеңейтілуде: сәуірде ірі қалаларда жүргізілсе, мамыр айында аудан орталықтары мен ірі қалаларда, ал маусымда – ауылдық жерлерде жалғасады. Вакциналау үш препарат – еуропалық AstraZeneca, қытай-өзбек тараптары бірлесіп шығарған ZF-UZ-VAC2001 және Ресейдің «Спутник-V» вакцинасы арқылы жасалып жатыр. Үш айдың ішінде Өзбекстан 4 миллионнан астам адамға екпе салуды жоспарлап отыр.



Соңғы жаңалықтар