Өзбекстан «Жаңа Ташкент» құрылысын бастады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Жаңа Ташкент» жобасының алғашқы тасын қалау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Өзбекстан Республикасы президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгінде еліміздің астанасында тұрып жатқан және жұмыс істейтіндердің саны 5 млн адамға жуықтады. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары одан әрі артады. Қалада жылына 20 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй, 40-тан астам мектеп, балабақша, емхана салуға сұраныс бар. Сондықтан, кем дегенде 15-20 жылға арналған жоспарды нақты айқындау қажет», - деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан басшысы осы факторларды ескере келе, Ташкенттің 2045 жылға дейінгі бас жоспарының жобасы Ұлыбритания, Сингапур, Қытай және Түркия мамандарын тарта отырып әзірленгенін атап өтті. Жоспар Ташкент облысының көршілес аудандары есебінен астана аумағын кезең-кезеңімен кеңейту, сондай-ақ Шыршық және Карасу өзендері аралығындағы «Жаңа Ташкент» жобасын жүзеге асыру мақсатын көздейді.

«Қазіргі Ташкент 43 мың гектар аумақты алып жатыр. «Жаңа Ташкент» жобасы аясында қосымша 20 мың гектар жерге 1 миллион адамға жайлы өмір сүруге жағдай жасалады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде 60 мың тұрғынға арналған көпқабатты үйлер, 30 мектеп, 20 балабақша, көпсалалы аурухана, 5 отбасылық емхана салынады», - деді Шавкат Мирзиёев.

Оның айтуынша, мұнда «Жаңа Өзбекстан» университеті, Ұлттық кітапхананың жаңа ғимараттары, театр, өнер мектептері, сауда және қызмет көрсету орталықтары да орналасады. Бірте-бірте мемлекеттік мекемелер де «Жаңа Ташкентке» көшеді. Қазіргі ғимараттардың орнында қонақ үйлер, қызмет көрсету мен сауда нысандары ашылып, Ташкент заманауи туристік және іскерлік орталыққа айналады.

Президент елде алғаш рет тұрғын үй, көлік, жұмыс орындары, мәдениет, спорт және білім беру нысандарын қамтитын заманауи қалалық және ғылыми тәсілдерге негізделген смарт технологиялар енгізілетінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар