Өзбекстан зардап шеккендерге көмектесу үшін Түркияда далалық әскери госпиталь құрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қосымша іздестіру-құтқару тобы, медицина қызметкерлері және гуманитарлық көмек тиелген өзбекстандық ұшақ Газиантеп қаласына қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі ұсынған ақпарат бойынша, ұшақ Түркияға бүгін барды. Арнайы бортпен жеткен мамандар жер сілкінісінің салдарын жою, тұрғындарға медициналық көмек көрсету жұмысына жұмылдырылады.

«Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бір гектар алаңға 9 жеке бөлімшесі бар жылжымалы госпиталь кешенін құру жоспарланған. Онда Қорғаныс министрлігіне қарасты медициналық жасақтың 50 қызметкері өздеріне жүктелетін тиісті міндеттерді атқарады», - деп мәлім етті ведомстводан.

Өзбекстан тарапы құратын бұл далалық госпиталь барлық қажетті медициналық құрылғылармен және дәрілік препараттармен толық қамтамасыз етіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстан Түркияға гуманитарлық көмек пен құтқарушыларды жібергенін хабарлап едік. Қазіргі уақыттағы дерекке сәйкес, Түркияда болған зілзала кезінде бір өзбекстандық қаза тапты.

Фото: t.me/uzbekmid
Соңғы жаңалықтар