Өзбекстан Түркі кеңесіне кіре ме

None
None
ШОЛПАН-АТА. ҚазАқпарат - Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Бағдат Әміреев осы ұйымға Өзбекстанның қосылуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзбекстан Түркі кеңесінің мүшесі емес. Алайда өзбек елінің басшылары көптен бері саммиттердің жұмысына қатысып келеді. Олар түркі тілдес елдерінің достығын, қашанда өз бауырларын қолдайды. Жақын арада Өзбекстанның Түркі кеңесіндегі мүшелігі рәсімделеді деп сенеміз. Ол үшін барлық алғышарттар бар», - деді Б.Әміреев Түркі кеңесінің VI саммитінен кейін журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бүгін Мажарстан Түркі кеңесіне бақылаушы ретінде кіруге өтінім берді. Кеңес мүшелері оны бірауыздан қолдады.

«Осылайша, бүгіннен бастап Мажарстан ресми түрде Түркі кеңесінің бақылаушысы болып тіркелді. Бәріміз жақсы білеміз, бауырлас мажар елі түп-төркініміз Ұлы Даладан бастау алады деп біледі. Біз олардың осы бір құлшынысын толығымен қолдаймыз», - деп атап көрсетті Б.Әміреев.

Айта кетейік, бүгінгі саммит кезінде Бағдат Әміреевтің Бас хатшы қызметіне тағайындалғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар