Өзбекстан Талибан қозғалысының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан өкілдері Талибан қозғалысының жоғары деңгейдегі басшыларымен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде Ташкент конференциясына қатысушылардың бірлескен көзқарастарын жүзеге асыру мақсатында өзбек тарапы тиісті байланыстарды орната отырып, Талибан қозғалысының жоғары деңгейдегі өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізгендігі айтылады.

Кездесу барысында Ауғанстанда тұрақты бейбіт өмір орнату мен осы елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатындағы бірлескен қимылдар мен диалогтің болашағы талқыланды.

Осы тұрғыдан алғанда Өзбекстан өкілдері Ауғанстан үкіметі мен Талибан қозғалысы арасында Ид әл-Фитр мерекесін атап өтуге байланысты атысты тоқтату жөніндегі өзара келісімді құптайды. Өзбек тарапы Ауғанстан президенті Ғани Ашрафтың атысты тоқтату режімінің мерзімін ұзарту жөніндегі мәлімдемесіне байланысты өзара бейбіт келісім ұзаққа созылатынынан үмітті.

Өзбекстанның сыртқы саясат ведомствосының хабарламасында 2018 жылдың 28 наурызында Ташкентте Ауғанстанға қатысты өткен Халықаралық конференция кезінде қол жеткізілген келісімдерге байланысты Өзбекстанның осы елдегі тұрақтылықтың орнығуы мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған іс-қимылдарын жалғастыра беретіні айтылған.

Осы бағытта Өзбекстан Ауғанстан үкіметімен және АҚШ, ҚХР, Ресей, Халықаралық байланыс тобына қатысушы елдермен, Еуразия өңірі, Оңтүстік Азия, Орта және Таяу Шығыстағы мемлекеттермен бірнеше консультативті кездесулер мен келіссөздер өткізген.

Соңғы жаңалықтар