Өзбекстан Сардоба су қоймасын қалпына келтіру жоспарын Қазақстанмен келісіп бекітеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сардоба су қоймасына жүргізілген техникалық аудит аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов редакцияның сауалына жолдаған жауабында айтты.

«Сардоба мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында министрлер деңгейінде төрт рет, (14 мамыр Шымкент, 2-3 шілде Ташкент) оның ішінде екі рет онлайн екіжақты отырысы өткізілді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.М.Мырзағалиевпен Өзбекстан Республикасы Су шаруашылық министрі Ш.Р. Хамраевтың Шымкент қаласындағы кездесу кезінде (2020 жылғы 14 мамыр) тараптар халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Сардоба су қоймасына техникалық аудит жүргізуге келісті.

Алайда 2020 жылы Covid-19 пандемиясына байланысты техникалық аудит жүргізу мүмкін болмады» делінген жауапта.

Дегенмен, бұл жұмыс биыл ақпан айында атқарылды.

Енді Өзбекстан тарабы осы аудит қорытындысын негізге алып, су қоймасын қалпына келтіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындайды.

Ол құжатты Қазақстан тарабы мақұлдағаннан кейін ғана іске асыруға кіріседі.

«Ағымдағы жылдың 17-21 ақпан аралығында Қазақстан мен Өзбекстан сарапшылары бірлесіп Сардоба су қоймасына техникалық аудит жүргізді. Техникалық аудит қорытындысы бойынша тараптар актіге қол қойды. Сардоба су қоймасын қалпына келтіру бойынша алдымен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді. ТЭН әзірленгеннен кейін өзбек тарапы оны қазақстан тарапымен келісуге міндеттеніп отыр» дейді вице министр өз жауабында.


Соңғы жаңалықтар