Өзбекстан Президенті Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынды

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Конституциялық комиссия мүшелерімен кездесуде елдің Ата заңына референдум арқылы өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі республика басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Парламент әзірлеген жобаны жалпыхалықтық талқылауда қарастырып, оны референдум арқылы қабылдауды ұсынамын» , - деді Шавкат Мирзиеев.

Ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Парламенттің өзі Конституцияға өзгертулер енгізуге құқылы екенін, бірақ мұны халықтың еркіне сүйене отырып жасаған дұрысырақ болатынын атап өтті.

«Менің ойымша, егер біз азаматтарымыздың пікірі мен қолдауына сүйене отырып, референдум арқылы конституциялық реформаны жүзеге асыратын болсақ, онда бұл нағыз халықтық Конституция болады», - деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, бұл Конституцияның жалғыз қайнар көзі және авторы – халық деген қағидаға сәйкес келеді.

«Сонда әрбір отандасымыз «Өзбекстанның жаңа Конституциясы - Менің Конституциям» деп мақтанышпен айта алады», - деп түйіндеді Шавкат Мирзиеев.

Бұған дейін Өзбекстан басшысы Конституцияға өлім жазасына тыйым салу және республика Парламентінің өкілеттіктерін кеңейту туралы норма енгізуді жақтаған болатын.

Өзбекстан Конституциясы 1992 жылы 8 желтоқсанда қабылданған. Осы кезең ішінде елдің негізгі заңына 15 рет түзетулер енгізілген.


Соңғы жаңалықтар