Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы артты

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың бес айында Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 286, 7 млн долларды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Тауар айналымының басым бөлігі өзбекстандық тауарлардың Ауғанстанға экспортынан тұрады. Тараптар фармацевтикалық, химиялық, автомобильдік және тоқыма өнімдерінің тауарларын өзара жеткізу көлемін ұлғайтуға ниет білдіріп отыр.

Мұндай қорытындылар Өзбекстан мен Ауғанстанның мемлекеттік және жеке секторларының өкілдері арасындағы келіссөздердің алғашқы кезеңінде жарияланды. Кездесу барысында екіжақты және өңірлік сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ, көлік және транзит саласындағы ықпалдастықты дамытудың келешектегі әлеуеті талқыланды.

Сондай-ақ, аталмыш шара аясында Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда министрі мен Өзбекстандағы Еуроодақ өкілдігінің басшысы Эдуардс Стипрайспен кездесті.

Еуропалық тарап ынтымақтастықты дамытудың оң ықпалын ескере отырып, Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы сауда қатынасының қарқындылығын одан ары арттыруға әзірлігін білдірді.

Өзбекстан Республикасының мемлекеттік статистика комитеті берген мәлімет бойынша, 2017 жылы Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы өзара сауда көлемі 617 миллионға жеткен және 2016 жылмен салыстырғанда 18,7% өскен. Ауғанстан - Өзбекстанның сыртқы тауар айналымындағы ірі серіктестерінің бірі. Оның Өзбекстанның сыртқы тауар айналымындағы меншікті үлесі - 2,3%. Сондай-ақ, тауар айналымы құрылымында Ауғанстанға экспортталатын өзбекстандық тауарлар басым түсіп, көлемі 614,9 миллион долларды құрады.

Соңғы жаңалықтар