Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бойынша келіссөздерді жеделдетпек

Фото: Фото: AFP
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Шавкат Мирзиеев «Өзбекстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесін жеделдету жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Құжатқа сәйкес, Дүниежүзілік сауда ұйымымен (ДСҰ) жұмыс жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және келіссөздер тобының құрамы өзгереді. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің құрылымына ДСҰ мәселелері бойынша Президенттің арнайы өкілі лауазымы енгізілді. Оған бұрын Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкері болған Азиз Урунов тағайындалды. Арнайы өкіл келіссөздер тобының басшысы, сондай-ақ ДСҰ-мен жұмыс жөніндегі ведомствоаралық комиссия төрағасының орынбасары саналады.

Бұған қоса, Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігінің құрылымында ДСҰ-мен жұмыс және сауда келіссөздері жөніндегі департамент құрылады. 20 министрлік пен ведомстволарда ДСҰ мәселелері жөніндегі бөлімшелер жасақталады.

Өзбекстан Республикасының БҰҰ және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдігінде ДСҰ мәселелері бойынша бірінші хатшы лауазымдары енгізіледі.

Әділет министрлігі ұлттық заңнаманы Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімдеріне сәйкес келтіруі тиіс. Биыл 1 шілдеден бастап ұйымның ережелері мен нормаларына сай емес нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге тыйым салынады.

Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты іс-шараларды өткізу үшін қажет қаражат та бекітілген. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарға 30 млрд сум бағытталады.


Соңғы жаңалықтар