Өзбекстан азаматы қарағандылық полицейлерге алғыс айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан азаматы Евгений Хоменко туысына көмектескені үшін Қарағанды облыстық полиция департаменті Жол-патруль полиция батальонының қызметкерлеріне және Қазақстан Республикасы ІІМ басшылығына Facebook арқылы алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат желідегі жазбаға сілтеме жасап.

Өзбекстан азаматы өз жазбасында айтқандай, қыркүйек айында қайғылы оқиға болған. Оның 59 жастағы қайын атасы Иван Петрович Милинчук жол үстінде сырқаттанған. Ол ұзақ жолға жүк тасымалдайтын жүргізуші болып жұмыс істейтін еді.

2018 жылдың 19 қыркүйегінде Иван Милинчук MAN көлігімен Алматы - Екатеринбург тасжолымен Ресей шекарасына қарай бет алған. Евгенийдің жұбайы алыс жолға кеткен әкесімен байланыспақ болады. Қызы әкесінің тілінің күрмеліп, денсаулығы болмай тұрғанын бірден байқап, тоқтауын сұрайды. Алайда, Иван Петрович қызын жұбатып, жүк апара жатқанын айтады және ен далада тоқтай алмайтынын жеткізеді. 

Иван Петровичтің телефонына орнатылған қосымша арқылы туыстары оның Қарағандыға бет алғанын көреді. Әкесінің кешке қайда екенін білмек болған ерлі-зайыптылар оның телефонының өшіп тұрғанын түсінеді.

20 қыркүйек күні таңертең оларға Иван Петровичтің досы қоңырау шалып, оның инсультпен ауруханаға түсіп қалғанын хабарлайды. Сондай-ақ, ол Қарағанды облыстық ЖППБ қызметкері лейтенант Ерқанат Даткиннің нөмірін береді. Евгений одан қайғылы оқиғаның мән-жайын естиді.

19 қыркүйек күні 18:40-та лейтенанттар Ерқанат Даткин мен Жасұлан Егенов жүк көлігін көріп, оны тоқтатады. Полицейлер оның ішінен сөйлей, қимылдай алмай қалған Иван Петровичті көріп, жедел жәрдем шақырады. Ерқанат Даткин жүргізушінің телефонындағы соңғы қоңырау шалған нөмірге хабарласып, мән-жайды айтады. ЖПП қызметкерлері науқасты жедел жәрдемнің алып кеткенін күтеді, кейін машинаны ақылы тұраққа жеткізеді және тауарлар бұзылып кетпес үшін ондағы температураны екі тәулік бойы бақылауда ұстайды.

Евгений полицейлермен сөйлескеннен кейін Қазақстанға ұшып жетеді. Дәрігерлер Иван Петровичтің өмірін сақтап қала алмаған, оның миының басым бөлігі зардап шеккен. 22 қыркүйекте ол көз жұмады. 

«Мен бөтен қалада, бөтен елде жүрсем де, маған екі полиция қызметкері - лейтенант Ерқанат Әбдірахманұлы Даткин мен Жасұлан Жамбылұлы Егенов көмектесті. Оларға алғысым шексіз. Астанадан Қарағандыға жеткенге дейін олар менімен байланысып, ауруханаға жіберді. Екі тәулік бойы мұздатқыштағы температуралық режімді бақылап отырды. Сондай-ақ, Өзбекстаннан жүргізуші келген кезде маған хабарласып, ол адамға сенетінімді нақтылап, әкемнің көлігін тапсыруға рұқсат сұрады. Себебі, көлікте әкеміздің жеке заттары, құжаттар, ақшалар болды», - дейді Евгений Хоменко.

Оның айтуынша, 2 қазақстандық лейтенант әуежайға келген кезде де хабарласқан.

«Мені мүлдем танымайтын 2 бөтен адам менің проблемаларыма жаны күйзеліп, оны шешуге жанталасты және қайғыма ортақтасты. Олардың ата-анасына, ұстаздарына, командирлеріне үлкен рахмет. Екі лейтенатқа айтар алғысым шексіз. Қазақстан аумағында жүрген кезімде олармен кездеспедім, тек телефон арқылы қашықтықтан байланысып отырдық. Бірақ, олар нағыз азамат ретінде қол ұшын берді. Өзімнің, жұбайымның және туыстарымның атынан алғыс айтамын. Егер көмек қажет болса, қолымнан келгенін аямаймын. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне осындай қызметкерлер үшін көп рахмет», - деп алғыс білдірді хат иесі. 

Соңғы жаңалықтар