Өзбекстан азаматы Алматыдағы көңілдесінің пәтерін сатып, артынан ұлын өлтірмек болған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өзбекстанның 27 жастағы азаматы Алматы тұрғынының екі пәтерін сатып жібергені және оның 20 жастағы ұлын өлтірмек болғаны үшін 12 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1991 жылы туған Әлішер Жаңабаев айыпты деп танылып, 12 жылға бас бостындығынан айырылды. Сондай-ақ ол жәбірленуші Татьяна Шульгина және оның ұлына моральдық залал келтіргені үшін әрқайсысына 1 млн теңгеден төлейді», - деп үкім оқыды судья.

Өзбекстан азаматы 2012 жылдан беру Қазақстан аумағында заңсыз жүр. Жазасын өтеп болған соң оны Өзбекстанға бес жылға депортациялайды.
Әуезов АІІБ бұрынғы қызметкері, 35 жастағы Арли Оңғарбаевты сот 16 жылға кесті. Сондай-ақ ол аға лейтенант атағынан, ішкі істер органдарында бес жыл бойы лауазым иелену құқығынан айырды.

Қылмыскерлердің екеуі де жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді.

Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Жәбірленуші 45 жастағы Татьяна Шульгинаның айтуынша, 2015 жылы ол күйеуімен ажырасқан соң, Әуезов АІІБ қызметкері Арли Оңғарбаевпен танысқан. Полицей әйелдің үйінде бірнеше рет болып, жылжымайтын мүліктері туралы егжей-тегжейлі біліп алады да, жұмыссыз жүрген танысы, Өзбекстан азаматын әйелдің «басын айналдырып», екі пәтерін алып сатып жіберуге азғырған.

2018 жылғы қаңтарда өзбекстандық 27 жастағы Әлішер Жаңабаев пен полиция қызметкері Арли Оңғарбаевқа қатысты іс қозғалды. Осы іс фигуранттарының тағы бірі, Оңғарбаевтың туған ағасына іздеу салынды. Ол осы істе риэлтор қызметін атқарған.

«Біз Әлішермен үш ай таныс болдық. Бір күні ол маған 1 бөлмелі және 2 бөлмелі пәтерімді сатып, бизнес ашайық деп ұсыныс жасады. Мен оған сендім, сатылған үйлердің ақшасы 70 мың доллар болды. Ол мені үйленемін, үй сатып аламыз деп сендірді. Сөйтсем, алдаған екен. Олар мені Қырғызстанға апарып, құлдыққа сатпақ болған. Баламды буындырып өлтіріп, пышақтамақ та болыпты. Төңіректегілер айғай-шуды естіп, құтқарып алыпты», - дейді жәбірленуші.



Енді әйел үш жылдан бері баласымен бірге пәтер жалдап, еден жуып күн көріп жүр.

«Сот әділ шешім шығарып, алаяқтарды жазалауын қалаймын. Қылмыскерлер пәтердің 20 млн теңгесін моральдық залалдың 5 млн теңгесімен бірге қайтарсын. Мені қорғауы тиіс полицей мұндай қылмысқа барады деп ойламаппын», - деген болатын ол.

Әлішер Жаңабаевқа адам денсаулығына топтасып ауыр зиян келтіру, ірі мөлшерде алаяқтық қылмыс жасауға және адам өлтіруге ұмтылу сияқты 4 бап бойынша айып тағылды.

«Мен барлық шешімдеріңізге келісемін. Бірақ, 99-баптағыны мойындамаймын. Тергеушілер мені адам өлтіруге ұмтылды дегенді мойындауға мәжбүрледі», - деді сотта Әлішер Жаңабаев.

Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Арли Оңғарбаевқа да ауыр айыптар тағылды. Олардың арасында ұйымдасқан қылмыстық топ құру, адам өміріне қастандық жасау сияқты айыптаулар бар.

Мемлекеттік айыптаушылар Өзбекстан азаматына 15 жыл, полицейге 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады.

Соңғы жаңалықтар