Өзбекстан ауруханасында жарылыс болып, 18 бала зардап шекті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы ауруханада жарылыс болып, салдарынан 18 оқушы бала мен 4 мұғалім зардап шекті. Бұл туралы аталмыш елдің Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

«26 ақпан күні сағат 10.30 шамасында Әндіжан қалалық медициналық бірлестігінің жанындағы Орталық емхананың қазандық бөлмесінде жылыту қазаны жарылды. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа қазандық құрылғысының ақауы себеп болған», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Оқиға салдарынан қазандық бөлмесіне жақын орналасқан флюорография кабинетінде жыл сайынғы тексерістен өтіп жатқан мектеп оқушылары зардап шекті. Тоғызыншы сыныпта оқитын 18 оқушы мен оларға ілесіп келген 4 мұғалім жеңіл жарақаттар алған.

«Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық. Екі оқушыға шұғыл көмек қажет болды, олардың да жағдайы қанағаттанарлық. Әндіжан қаласы хокимиятының және төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, халықтық білім беру жөніндегі облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ «Узтрансгаз» АҚ мамандары енген комиссия құрылды. Олар оқиғаның себебін анықтап, зардап шеккендерге көмек көрсету мәселелерін қарайтын болады», - делінген ақпаратта.

Фото repost.uz

Соңғы жаңалықтар