Өзбекстан 15 баланың өліміне себеп болуы мүмкін дәріні сатылымнан алып тастады

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан тұмау мен суық тиюге қарсы үнділік «Док-1 макс» препаратын сатуға уақытша тыйым салды. Аталған дәрі Самарқан облысында қайтыс болған 15 баланың өліміне себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өзбекстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Самарқан облысының көпсалалы балалар медициналық орталығы басшысының 15 баланың өлімін «Док-1 макс» препаратымен байланыстыратыны туралы хат тараған болатын.

«Балалардың көпшілігінде бүйректің зақымданғаны байқалды. Соңғы екі айда орталыққа осы дәріні қабылдағаннан жанама әсері тиген 21 науқас келді. Ауру балаларда негізінен анурия байқалды. Оның 17-сінің жағдайы өте ауыр болды, тіпті бірнеше рет гемодиализ жасауға тура келді. 15 адам қаза тапты», - делінген хатта.

Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Фармацевтика саласын дамыту агенттігі жағдайды дереу бақылауға алған.

Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы құрылды, оның құрамына департаменттің, Республикалық сот-медициналық сараптама ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, балалар нефрологтары, педиатрлар кіреді.

«Самарқан дәріханаларында сатылған үнділік Marion Biotech Pvt. Ltd компаниясының лимон және бал дәмі бар Док-1 макс дәрілері белгіленген тәртіппен сараптамадан өтеді. Зертханалық талдау аяқталғаннан кейін нәтижесі көпшілікке жарияланады. 2022 жылдың 22 желтоқсанынан бастап елімізде бұл препараттарды сату уақытша тоқтатылды», - деді ведомство.


Соңғы жаңалықтар