Өзбек ханға тиесілі алтын әріптермен жазылған Құран Түркияда табылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері Түркияның Сүлеймания кітапханасынан қазақ жерінен шыққан ортағасырлық авторлардың 19 еңбегін анықтап, көшірмесін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері Түркияда іссапарда болып, Қазақстан тарихына қатысты құнды деректерді елге әкелу бойынша жұмыс жүргізген. Бұл жұмыстар мемлекеттік «Архив-2025» кешенді жоспарын іске асыру мақсатында атқарылып отыр.

Зерттеушілер еліміздің тарихына қатысты жазба мұралар мен құнды құжаттар тапқан. Атап айтқанда, Османлы архивінің 27 қордан, 248 істен тұратын қорын, Сүлеймания мешіті медресесінің кітапханасында 106 топтаманы зерттеу барысында 70 мың томға таяу жазба, 120 мың томдай баспа ескерткіштер жинақталған. Ал Сүлеймания кітапханасында қазақ жерінен шыққан ортағасырлық авторлардың 19 еңбегі анықталып, көшірмесі алынды.

«Іссапар кезінде табылған құнды қолжазбалардың бірі – XIV ғасырда алтын әріптермен жазылған Алтын Орда ханы Өзбек ханға тиесілі Құран. Сонымен қатар ғылыми іссапар барысында ақын Зейнел Сүрмелінің ұлы Махмуд Сүрмелі Ұлттық орталық қорына көзінің қарашығындай сақтаған әкесінің түпнұсқа қолжазбаларын, сол замандағы бүкіл әлемдегі қазақ қауымдастығымен алмасқан хаттары мен өзінің 1500 өлең жолын ресми түрде тапсырды», - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.






Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар