Өзбек алмасының басым бөлігі Қазақстанға экспортталған - Шетелдегі қазақша БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытайдағы ЭКСПО көрмесіне қатысатын Қазақстан тауарларының алғашқы легі Шыңжаңға жетті - Халық газеті

VII Қытай-Азия-Еуропа ЭКСПО көрмесіне қатысу үшін Қазақстаннан кірген тауарлар Қорғас кеденінің тексеруінен өтіп, Үрімшіге жол тартты, деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті» ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, VII Қытай-Азия-Еуропа ЭКСПО көрмесіне Қазақстаннан қатысатын алғашқы тауарлар тобы 9 тамызда Қорғас шекарасы арқылы Қытайға кірген.

Тауарлардың саны - 27 дана, салмағы - 677 келі, құны 1149,9 АҚШ долларын құрайды. Негізгі тауарлар - тәтті тоқаштар, сусындар және басқа.

Айта кетейік, VII Қытай-Азия-Еуропа ЭКСПО көрмесі Шыңжаң халықаралық мәжіліс және көрме орталығында 25-30 тамыз аралығында өтеді.

Бұл жолы ЭКСПО алғаш рет онлайн және офлайн режимде ұйымдастырылады.

Оған Азия, Еуропа, Океания, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка және Африканың 45 елі және аймақтарынан мекемелер мен кәсіпорындар қатысады.

Иран, Қазақстан, Өзбекстан мен Түрікменстан халықаралық тасымал дәлізін құруға келісті - Pаrstodаy

Иран, Түрікменстан, Өзбекстан мен Қазақстан Авазада үйлестіруші елдер кеңесінің екінші отырысында «Ашхабад келісімі» деп аталатын халықаралық тасымал және транзит дәлізін құру туралы келісім мен қосымша қорытынды хаттамаға қол қойды.

Бұл оқиға Иран, Оман, Түрікменстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында қол қойылған келісімнен 11 жыл өткен соң орын алды.

Содан кейін Қазақстан, Катар мен Үндістан да осы келісімге қосылды. Ал Пәкістанның қосылу мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Pаrstodаy» ақпарат агенттігі де хабарлады.

Түрікменстан тасымал және коммуникация агенттігінің бас директоры Мұхаммедхан Чакив өзінің бұл ауқымды әріптестікті қолдайтынын айтқан.

«Ашхабад 12 халықаралық тасымал конвенциясын бекітіп, осы салада ауқымды әріптестік жасау саясатын ұстанып отыр. Бұл үдеріс БҰҰ Бас ассамблеясында тасымал саласында 4 қарар бекітілгеннен кейін басталды», - дейді Мұхаммедхан Чакив.

Сондай-ақ, осы отырысқа қатысушылар халықаралық тасжол тасымалымен айналысатындар үшін виза беру заңдарын жеңілдету және екіжақты тас жол тасымалы және транзитін дамыту жолындағы кедергілерді жою мәселерін талқылады.

Иран Сыртқы істер министрінің экономикалық дипломатия жөніндегі орынбасары Мехди Сафари Түрікменстан Премьер-министрінің орынбасары әрі Отын және энергетика кешенінің жетекшісі Шахин Абдулрахмановпен кездесті.

Бұл кезесуде түрікмен газын Иран арқылы Әзірбайжан республикасына жеткізу саласында жақсы тәжірибе барын ескеріп, Теһранның Түрікменстаннан көршілес елдерге газ транзиттеуге толық дайын екенін ресми түрде жариялады.

Өзбекстан алмасының басым бөлігі Қазақстанға экспортталған - ӨзА

Өзбекстан мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, соңғы 7 ай көлемінде Өзбекстан 7 елге жалпы құны 6,6 миллион долларлық 16,9 мың тонна алма экспорттады. Бұл көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3 мың тоннаға өскен.

2022 жылдың қаңтар-шілде айларында Өзбекстан 7 елге экспорттаған 16,9 мың тонна алманың басым бөлігі Қазақстанға жіберілген, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ 2022 жыл басынан бері Өзбекстан алма экспорттаған елдердің тізімін жариялаған.

Қазақстанға – 11,6 мың тонна, Ресейге – 3,8 мың тонна, Қырғызстанға – 1,2 мың тонна, Түрікменстанға – 128 тонна алма экспорттаған.

Қытай мен Қазақстан консулдық консультацияның 20-шы отырысын өткізді - Халық газеті

17 тамыз күні Қытай Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаменттің Бас директоры Ву Си мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық департамент директоры Б.Ақатаев бейнебаян арқылы Қытай-Қазақстан 20-шы консулдық консультациясына тең төрағалық етуімен жиналыс өткен.

Бұл туралы осы аптада қытайлық «Халық газеті» ақпарат порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, тараптар адамдардың барыс-келісін жеңілдету және шетелдегі азаматтар мен мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша пікір алмасқан.

Сонымен қатар індеттің алдын алу мен бақылауды қалыпқа келтіру аясында қажетті адамдар барыс-келісін одан әрі жеңілдету, қызметкерлер мен мекемелер мүдделерінің қауіпсіздігі мен заңды құқықтарын қорғау үшін практикалық шаралар қабылдау жөнінде келіскен.

Сондай-ақ, тараптар екі ел басшылары қол жеткізген маңызды консенсусты жүзеге асыруға және Қытай мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай консулдық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.

«Осылайша Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының салауатты және тұрақты дамуына үлес қосуды мақсат етті» деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

Қайырбек Өскенбаев түрік инвесторларымен кездесті - TRT

Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев түрік инвесторларымен кездесті. Оның барысында Қазақстанда жүзеге асырылуы жоспарланған маңызды инвестициялық жобалар талқыланды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Borsan Group» басқарма төрағасы Аднан Өлмез және «Sembol İnşaat» басқарма төрағасы Али Таминжемен кездесті.

Маңызды инвестициялық жобалар талқыланған кездесуде түрік кәсіпкерлері министрге Қазақстанда жүзеге асырылуы жоспарланған алюминий және мыс кабель өндірісі жобасы туралы мәлімет берді.

Құны 90 миллион долларлық жоба сәтті жүзеге асса, жылына 12 мың тонна өнім өндіріп, 500 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Министр Өскенбаев бұл жобаға мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін айтқан.

«Қазақстан мен Түркия - сенімді стратегиялық әріптестер. Біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және әлеуметтік-мәдени ынтымақтастық табысты дамып келеді. Біз өңдеу өнеркәсібінде заман талабына сай жобаларды жүзеге асыруды қолдаймыз. Бұл біздің халықтарымыз арасындағы бауырластық пен өзара іс-қимылды нығайта түсетін маңызды қадамдардың бірі», деген Қайырбек Өскенбаев.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстандағы 6 зауытта жылына шамамен 40 мың тонна кабель өндіріледі. Жыл сайынғы кабель импорты болса 54 мың тоннаға жетеді.

Импорттың басым бөлігі Ресей, Қытай, Түркия және Беларусь елдерінен келеді.

Сондай-ақ, осы аптада Түркия Радио Телевизия порталында «Қазақстан экономикасы өсу үстінде» деген ақпарат та жарық көрді.

Онда биылғы жылдың 7 айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,3 пайызға өскені тілге тиек етіледі.

Түркиялық БАҚ Қазақстанның апта сайын өтетін Министрлер кеңесінің отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасына сілтеме жасап хабаланған.

Еске сала кетейік, аталған баяндамада елдің жалпы ішкі өнімі 2022 жылдың 7 айында 3,3 пайызға өсіп, құрылыс, телекоммуникация, сауда, тасымалдау және сақтау, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларында өсім байқалғаны айтылған болатын.

Сонымен қатар, осы кезеңде сыртқы сауда көлемінің 39,4 пайыз артып, 63,7 миллиард долларға жеткені айтылған мәлімдемеде өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының 33,5 пайыз өсіп, 12 миллиард долларға жеткені жарияланған.

Аз ұлттардың тілі мен мәдениетін сақтау үшін оларға қолдау көрсету керек - Жэньминь жибао

17 тамызда Қытай Коммунистік партиясы орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі жаңа дәуірдегі этностық бірлік пен ілгерілеудің жетістіктері мен шаралары туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

Этникалық істер жөніндегі мемлекеттік комиссия директорының орынбасары Чжао Юн журналистердің сұрақтарына жауап беріп, аз ұлттардың өз тілін үйренуіне, өз тілінде жұмыс істеуіне және өмір сүруіне еш кедергі жоқ екенін айтты.

Бұл туралы «Жэньминь жибао» ақпарат агенттігі «CCTV» порталының таратқан мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.

Этникалық істер жөніндегі мемлекеттік комиссия директорының орынбасарының айтуынша, Қытайдың Конституциясы мен мемлекеттік тіл және жазу туралы заңында мемлекеттік тілді насихаттаудың құқықтық мәртебесін нақтылап қана қоймай, сонымен қатар саны аз ұлттардың өз жазуын үйрену және пайдалану еркіндігіне кепілдік беретін нақты ережелер бар.

Қытай үкіметі мемлекеттік тілді заңға сәйкес белсенді түрде дәріптеп, насихаттай отырып, аз ұлттардың өз тілдерін қолдану еркіндігін толық құрметтеп, қорғап, олардың өз тілін үйренуі мен қолдануына барлық жағдайды жасап отыр.

Ал оқыту тұрғысынан алғанда, бастауыш және орта мектептерде заң бойынша мемлекеттік тіл мен жазу оқытылады. Сонымен бірге олар нақты жағдайға сәйкес, әсіресе этникалық автономиялық өлкелерде азшылық ұлттар тілінде курстар ұсынады.

Және бұл салыстырмалы түрде көп этникалық азшылық халқы бар аймақтарда орын алады.

Ана тілін үйренгісі келетін аз ұлт өкілдерінің өз тілін меңгеруге және пайдалануға мүмкіндігі бар.

Чжао Юнның айтуынша, аз ұлт өкілдерінің саяси, қоғамдық өмірінде ақпарат алу үшін мерзімді баспасөз шарт-жағдайы әзірленген.

Әсіресе, аз ұлт өкілдерінің өз тілінде арыз-шағым айтуына да мүмкіндік берілген.

Оның пікірінше, аз ұлттардың саяси-әлеуметтік өмірінде, соның ішінде баспасөзде, басылымда да жағдай жасалды.

Саяси өмірге келетін болсақ, ҚҰП және ҚКХП мәжілістері шығарған құжаттар этникалық аз ұлттардың тілінде арнайы жазылған. Сот жұмысында этникалық азшылықтардың өз тілдерінде сотқа арыз беруіне де жағдайлар қарастырылған.

Мысалы, Шыңжаң мен Тибетте этникалық аз ұлттардың тілдерінде радиостанциялар мен телеарналар, сондай-ақ аз санды ұлттар тіліндегі түрлі мерзімді басылымдар құрылды.

Олар интернеттен ақпарат алу, үйрену және қарым-қатынас жасау үшін өз тілін еркін пайдалана алады.

«Этникалық азшылықтардың тілі мен мәдениетін қалай қорғауға болатынына келетін болсақ, Чжао Юн мырза олардың тіл мен мәдениетін қолдау - ең жақсы қорғаныс тәсілі деп санайды» деп түйіндейді қытайлық БАҚ.


Соңғы жаңалықтар