Өз-өзінен жарылып жатқан Galaxy Note 7 Қазақстанда әлі сатылымға түскен жоқ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Samsung компаниясы батареялары жарылып жатқан Galaxy Note 7 телефонын Қазақстан нарығына енгізіп үлгермеген екен. Компанияның Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Galaxy Note 7 телефондары сапалы әрі қауіпсіз күйінде осы жылдың күзінде Қазақстан нарығында ресми түрде пайда болады.

 «Ең әуелі айтарым, Қазақстанда Galaxy Note 7 телефондары ресми түрде сатылымға шыққан жоқ.  Қауіпсіздік пен сапаның барлық стандартына сай  өнім 2016 жылдың күзінде ресми түрде сатылымға шығады. Айта кетерлігі, Samsung компаниясының басты міндеті - жоғары сапалы өнім өндіру, сондықтан, жаңа құрылғыға қатысты оқыс оқиғалар туралы ақпаратқа компания қатты көңіл аударды. Компания үшін тұтынушылардың қауіпсіздігі басты орында тұрғандықтан, компания қазір бұл құрылғының сатылымын уақытша тоқтатты», - дейді мән-жайды түсіндірген өкілдіктің баспасөз хатшысы Алиса Беспалова.

Баспасөз хатшы атап өткендей, Galaxy Note 7 телефоны ресми түрде сатыла бастаған елдерде, Samsung  компаниясы келесі аптадан бастап   осы құрылғыны тегін ауыстыра бастайды. «Әрине, жаңа өнімге қатысты оқыс оқиғалар тұтынушылар үшін ыңғайсыздық тудырғанын түсініп отырмыз. Бірақ, қауіпсіздікті бірінші орынға қоя отырып, компания жаңа телефонды жаппай кері қайтарып алады», - дейді ол.

Айта кетейік, 19 тамыз күні әлемнің бірқатар елінде ресми түрде сатылымға шыққан Galaxy Note 7 телефонын Samsung компаниясы бір ай өтпей жатып, нақтырақ айтқанда, 10 қыркүйек күні қауіпті деп таныды және оның сатылымын тоқтатты. Себебі, әлем бойынша осы телефон 35 рет өз-өзінен жарылып кеткен. Samsung компаниясының Қазақстандағы ресми өкілдігі күзде елімізде сатылатын бұл өнім жоғары сапа мен қауіпсіз күйінде келеді деп сендірді.

Соңғы жаңалықтар