Өз қызын зорлаған әке 17 жылға сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында өз қызын зорлаған еркек 17 жылға сотталды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданының 43 жастағы тұрғынына осындай үкім шығарды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі аталған соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Зиядинхан Пірнияздың сөзінше, сотталушы өткен жылдың 8 қыркүйегінде ұсталған. Сол күні ол әйелімен бірге көршінің үіндегі тойға барыпты. Сол жерде ішімдікке сылқия тойып алып, үйіне оралған. Ал түн ортасында 10 жастағы қызының бөлмесіне барып, киімін шеше бастайды. Қыздың дауысы қатты шыққанда анасы оянып кетіпті. Перзентіне көмектеспек болған ана көршілерін көмекке шақырып, азғын әкені жатын бөлмеден шығарып алған.
Тергеу шаралары бірнеше айға созылып, күдіктінің барлық кінәсі дәлелденген. Оның тағы төрт перзентінің болуына байланысты сот отырысы жабық жағдайда өткен.

Нәтижесінде 14 желтоқсан күні облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азғын әкені 17 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізу жөнінде үкім шығарды. Сондай-ақ оның есірткі заттарын ұстап, қолданғаны үшін 106 мың теңге айыппұл салынған.

Алайда сотталушы мұндай үкіммен келіспей, алғашқы сот үкімін өзгерту туралы облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасына шағым түсіріпті. Бұл іс кейіннен алқа отырысында қаралып, алғашқы үкімнің кейбір бөлігін өзгерту туралы шешім шығарды.

«ҚР Тәуелсізігінің 25 жылдығына орай рақымшылық» заңын қолдана отырып, алғашқы үкімдегі айыпталушының есірткі заттарын ұстап, қолданғаны үшін 106 мың теңге 50 тиын айыппұл салынғаны жөніндегі бөлігі алынып тасталды. Қалған үкім өзгеріссіз қалдырылды»,-деді Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Зиядинхан Пірнияз.

Сот үкімі күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар