Өз балаңыздай қараңыздар - Сәуле Айтпаева кәсіпкерлерге үндеу жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева балаларға қызмет көрсететін бизнес нысандарының иелеріне үндеу тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің бұл сөзім еліміздегі барлық кәсіпкерлерге арналады. Сіздер де біз сияқты ата-анасыздар. Сіздердің де күн сайын алдарыңызға келіп, қызметтеріңізді пайдаланатын жеткіншектер сияқты өз балаларыңыз бар. Сондықтан, бүлдіршіндердің бос уақытын ұйымдастыру кезінде құқығын қорғауға баса мән берулеріңізді сұраймын. Үйірме болсын, спорттық шара болсын, кез келген қызмет түрінде балаларға өз балаңыздай қарасаңыздар екен», - деген омбудсмен баланың барлық құқықтары заңмен қорғалатынын атады.

Жазғы демалыс басталған тұста балаларға көрсетілетін қызмет түрлеріне сұраныстың артатынын еске салған уәкіл кәсіпкерлер қауымын нысандарда бала қауіпсіздігіне қатысты барлық регламентті қатаң сақтауға шақырды.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ол талаптардың барлығын сіздерге үнпарақ ретінде таратты. Сіздердің шешімдеріңіз бен әрекеттеріңіз балардың өмірімен тікелей байланысты. Сондықтан әр істе, әрбір шешімді қабылдау барысында мұқият болуды сұраймын», - деді Сәуле Айтпаева.

Соңғы жаңалықтар