Ойыл суының көтерілуіне байланысты бөгет салынды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Қызылқоға ауданында Ойыл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты тасқынның алдын алу үшін бөгет салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Айналма жол бойындағы ең қауіпті учаскедегі Миялы ауылының тұрғын үйлерін қорғау үшін топырақ үйіндісін тұрғызу, құм салынған қаптарды төсеу жұмыстары қолға алынды. 13 сәуірде Атырау қаласынан Миялы ауылына ТЖД күші мен құралдары жіберілді. 7 мотопомпамен су сору басталды. Ал, бүгін ПНС-100, АР-2 техникасы су айдауға тартылды. Су тасқынының алдын алуға жергілікті атқарушы органнан 80 адам, 7 техника, 6 мотопомпа және төтенше жағдайлар департаментінің 14 қызметкері мен 3 техникасы, 1 моторлы резеңке қайық, 1 мотопомпа жұмылдырылды. Жағдай бақылауға алынды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Бүгін Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисенбиев пен төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Асқат Ержанов Ойыл өзені бойындағы Ақтөбе облысының Қорғау ауылына дейінгі аралықты тексерді.

Сондай-ақ, Индер ауданынан 15 мотопомпа жеткізу көзделіп отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты Атырау облысының Сағыз ауылынан тұрғындар эвакуацияланып, кейін үйіне оралғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар