Ойыл өзенінде су деңгейі көтеріліп, маңындағы ауылдан 205 әйел мен бала эвакуацияланды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Ойыл ауданында су тасқыны қаупі туындаған ауылдың тұрғындары эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

6 сәуір күні сағат 23.40-та Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы Ойыл өзеніндегі су деңгейінің көтерілгені және Екпетал ауылын су басу қаупі туындағаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнынан 205 адамды, оның ішінде 104 бала мен 101 әйелді Екпетал ауылынан 7 шақырым жердегі Ойыл ауылына көшіру туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ, 236 ірі қара малы, 453 ұсақ мал, 28 құс қауіпсіз жерге шығарылды.

Алдын алу шараларын қабылдау үшін Екпетал ауылында 50 ер адам және полиция қызметкерлері қалып отыр.

Аудандық ТЖ бөлімі қызметтің күшейтілген режиміне ауысып, облыс орталығынан 26 адам және 5 техника келді.

Қосымша ЖАО-дан 15 қызметкер және 7 техника жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі уақытта Екпетал ауылында өзен жағасын нығайту жұмысы жүргізілуде.

Қауіп жоқ. Жағдайды бақылау үшін облыстық ТЖ департаменті бастығы полковник Марғұлан Аманбаев және ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Құмар Тұрмағамбетов оқиға орнына келіп, аудан басшысы Асқар Қайырғалиұлымен бірге су деңгейін тексерді.

Одан әрі эвакуацияланған тұрғындардың жағдайымен танысты.


Соңғы жаңалықтар