Ойрат Темірбаев: Кәсіпкерлерге қаржылай демеу көрсетіліп жатқаны қуантады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Елімізде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әсіресе коронавирус пандемиясы тұсында талай қиындыққа тап болған бизнес өкілдеріне демеу ауадай қажет. Мемлекеттен көмек алып, кәсіптен нәсіп тауып отырғандардың бірі – Семей қаласындағы «Тұмар-Кондитер» ЖШС. ҚазАқпарат тілшісі аталған серіктестік директорына хабарласып, жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын білді.

«Ашылғанымызға 2 жарым жыл ғана болды. Әуелде нан пісіріп бастадық. Кейіннен ойлана келе торт жасауды қолға алдық. Өйткені Семейде дәл осы нарық бос тұрған. Сәтін салып жұмысымыз алға басты. Алуан түрлі торттарымызға сұраныс күн өткен сайын арта берді. Кәсібімізді одан сайын дамыту үшін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына қатысып көруге бел байладық», - дейді Ойрат Темірбаев.

Оның айтуынша, осыдан кейін бизнес жоспар құрылып, сәтті қорғалған. Сөйтіп, мемлекеттен 40 млн теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетіліпті.

«Сол сомаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Ең басында бізде тек 10 адам ғана жұмыс істейтін. Қазір 60 адам еңбек етуде. Семей шаһары бойынша өнімдерді саудалайтын 7 нүктеміз бар. Елімізде шағын кәсіппен айналысатындарға қаржылай демеу көрсетіліп жатқаны қуантады», - деді «Тұмар-Кондитер» ЖШС директоры.

Пандемия кезінде талай қиындық туындапты. Атап айтқанда, мектептер карантинге жабылып, той-томалақ өткізуге тыйым салынғандықтан тортқа тапсырыс беретіндер азайып кеткен.

«Білім ордалары үшін тәтті тоқаштар, үйлену тойлары мен туған күн кештеріне арнайы торттар пісіретін едік. Әлемді жайлаған қауіпті дерттің салдарынан осы бағыттағы жұмыстарымыз тоқтап қалды. Есесіне өнімдерімізді үйді-үйлерге жеткізуді жолға қойдық. Алдағы уақытта басқа да тәтті-дәмділерді жасауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде сұлы печеньесіне ерекше ден қойылмақ», - деді Ойрат Темірбаев.


Соңғы жаңалықтар