Ойнайтын түк жоқ: Өскемен әкімі ауласына шағымданған баламен кездесті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желі арқылы өз үйінің ауласындағы балалар алаңының мүшкіл күйін айтқан оқушымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бірер күн бұрын бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында өскемендік балақайдың түсірген видеосы тараған болатын. Онда ол көп жылдан бері жөндеу көрмеген Маяковский, 20 мекен жайындағы ойын алаңын аралап, сынып біткен әткеншектерді көрсетеді. «Балалардың ойнағысы келеді. Бірақ «двор» осындай. Жаман. Түк ойнай алмайсың. Балалар үйінде отырады қамалып», - дейді Досжан есімді оқушы.

Ал кеше, 5 сәуір күні Өскемен басшысы Жақсылық Омар бала тұратын үйдің ауласын өзі барып көрді. Әкім Досжанға белсенді азаматтық позициясы үшін алғыс білдіріп, оның әрекеті қаланың ересек тұрғындарына үлгі болатынын айтты.

«Қазір қалада мыңдаған аула бар. Олардың көбіне 40 жылдай уақыт жөндеу жүргізілмеген. Мәселені кешенді шешу үшін облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Менің аулам» бағдарламасы жүзеге асырылуда. ПИК өтініш берген барлық аула бюджет есебінен толықтай жөнделетін болады. Өкінішке орай, дәл осы аула өткен жылы өтінішті дұрыс бермеген екен. Соның салдарынан аула жөнделетіндердің тізіліміне кірмей қалған», - деп түсіндірді Жақсылық Омар.

null
Мамандардың айтуынша, мекеме бағдарлама аясында ауланы жөндеуге өтініш жасаған. Бірақ құжаттар дұрыс әзірленбегендіктен, өтініш қабылданбаған. ПИК-тің жұмысына қанағаттанбайтынын тұрғындар да айтуда. Ал кооперативтің төрағасы бұл кездесуге келмей қойған.

Қала әкімі тұрғын үй жағдайын сақтау мен жақсарту үшін тұрғындардың белсенді қатысуы қажет екенін ескертті. Себебі ПИК қызметін тұрғындардың өздері ғана бақылай алады.

Ал Досжанның айтқан назына келер болсақ, Жақсылық Омар 2019 жылы жөнделуге тиіс аулалардың тізімі бекітіліп қойғанын айтты. Дегенмен, баланың көңілін қалдырмай, белсенділігіне қолдау көрсету үшін қала бюджетінен үнемделген қаражат есебіне ауланы жөндетуге уәде етті.

Соңғы жаңалықтар