Овчинникова Лондондағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үндістанда өткен Азия чемпионатында үш қарғып секіруден жеңіске жеткен 18 жастағы қарағандылық Мария Овчинникова Лондонда тамыз айында өтетін әлем чемпионатына қатысады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мария Овчинникова Азия чемпионатында үш қарғып секіруден 13,72 сантиметр ұзындыққа секіріп, құрлық чемпионы атанған болатын. Бұл жетістіктің арқасында жас спортшы Лондонда өтетін әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Қазіргі кезде мамандар жас спортшының болашағынан үлкен үміт күтеді. Айта кетерлігі, Лондондағы әлем чемпионатында Олимпиада ойындарының жеңімпазы Ольга Рыпакова да қатысады.

«Азия чемпионатында бәсекелестік өте жоғары болды. Дегенмен Ирина Эктова екеуіміз алтын мен күмісті өзара бөлісіп алғанымызға қуаныштымын. Үш қарғып секіруден өзімнің жеке рекордым - 13, 94 сантиметр. Енді алда Лондонда өтетін әлем чемпионаты бар. Әлемнің мықтылары бас қосатын додада қолымнан келгенді аянып қалмаймын, - дейді Мария Овчинникова.

Үш қарғып секіруден қазақстандық атлеттерге Колумбия мен Бахрейн елінің спортшылары негізгі бәсекелестер болмақ.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеңіл атлетикадан Үндістанда өткен Азия чемпионатының жеңімпаздарын марапаттаған болатын. Азия чемпионатынан 4 алтын, 3 күміс, 2 қола әкелген қазақстандық жеңіл атлеттерге ақшалай сыйақы табысталды.

Соңғы жаңалықтар