Отырғызылған сексеуілді мал жаппай жеп жатыр - Аралды құтқару халықаралық қоры
2022 жылғы 2 маусым 13:41

Отырғызылған сексеуілді мал жаппай жеп жатыр - Аралды құтқару халықаралық қоры

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аралды құтқару халықаралық қоры теңіз түбі мен маңын көгалдандыру мақсатында отырғызылған сексеуіл және басқа да ағаштарды малдар жаппай жеп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары мал жаюда тиісті ережелерді сақтамаудың салдарынан ауылдық елді мекендердің айналасындағы жерлердің тозуы жиі байқалады. Арал теңізіндегі жасыл белдеуге отырғызылған сексеуіл және басқа да ағаштарды жақын маңдағы елді мекендердің үй малы жаппай жеп жатыр», - деді Аралды құтқару халықаралық қоры директорының орынбасары Марат Нарбаев «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресінде.

Оның айтуынша, Арал теңізін қайта қалпына келтіруде су ресурсымен қатар көгалдандыру да маңызды.

«Жоғарыда айтылған проблемаға байланысты фитомелиорация және шалғайдағы жайылым айналымын қалпына келтіру жөніндегі жұмысты жандандыру керек. Сондай-ақ климаттың өзгеруінің жаһандық процесін ескере отырып, мал шаруашылығы кластерін дамыту қажет. Бүгінде елімізде шамамен 187 млн га жерді құрайтын жайылымдық жер бар», - дейді ол.

Еске сала кетейік, Арал теңізінің тартылып қалған жерлерін көгалдандыру мақсатында биыл көктемде 3 млн 600 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылды.

Сондай-ақ жыл бойы Арал теңізі түбінде 250 мың га жерге сексеуіл отырғызылмақ. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлаған еді.


Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан халықаралық су-энергетика консорциумын құру идеясын алға тартып отыр
2022 жылғы 10 тамыз 22:05

Қазақстан халықаралық су-энергетика консорциумын құру идеясын алға тартып отыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық су-энергетикалық консорциумы Орталық Азия өңірінің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы өңірлік деңгейде Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру туралы мәселені белсенді түрде ілгерілетуде және тиісті келісімнің жобасы пысықталып жатыр. Халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру ирригация мен энергетиканың мүдделерін ескеретін Орталық Азия өңірінің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді орнықты тетікті қалыптастыруға ықпал ететін болады. Бұл ретте Халықаралық су-энергетикалық консорциумы Орталық Азиядағы су-энергетикалық алмасуға, жазда Тәжікстан мен Қырғызстан өндіретін электр энергиясын өндіруге (суаруға су жіберу), су қоймаларының ирригациялық режимдерін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте бүкіл электр энергиясын өндірушілердің мүддесі сақталуға тиіс», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.


2025 жылы Аралдың құрғаған табанының ормандану алаңы 1,5 млн гектарға жетеді
2022 жылғы 10 тамыз 14:40

2025 жылы Аралдың құрғаған табанының ормандану алаңы 1,5 млн гектарға жетеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанының ормандану алаңы 1,5 млн гектарды құрайтын болады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арал теңізінің құрғатылған бөлігінің ауданы 4,5 млн гектарды құрайды. Оның 2,2 млн гектары Қазақстан Республикасының аумағына келеді. 20 ғасырдың 90-жылдарынан бастап Арал теңізінің құрғаған табанындағы Фитоорманмелиорациялық жұмыстар 195 мың гектар алқапта жүргізілді. Бұл ретте табиғи екпелерді қоса алғанда, ормандардың жалпы ауданы 337 мың гектарды құрайды», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның дерегінше, Қызылорда өңірінде экологиялық жағдайды одан әрі жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған бөлігінде көшкіндерді бұғаттау бойынша Фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде жыл сайын 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстарды орындау бойынша іс-шаралар қабылдау жоспарланған.

«Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізінің құрғаған табанының ормандану алаңы 1,5 млн гектарды құрайтын болады. Сонымен қатар фитоорманмелиорациялық жұмыстары үшін халықаралық ұйымдардың (Дүниежүзілік банк, Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID), Герман ынтымақтастық қоғамы (GIZ) қаржысын тарту бағытында іс-шаралар қабылдануда», - деді Әлихан Смайылов.


Фото: pinterest.com



Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жұмысы 2023 жылы басталады
2022 жылғы 10 тамыз 14:35

Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жұмысы 2023 жылы басталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жұмысы 2023 жылы басталады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жобаның бірінші кезеңі (САРАТС-1) аясында салынған Көкарал бөгеті қайта жаңартуды талап етеді. Су көлемі 27 млрд текше метр болатын шағын Арал теңізінің бір облыста ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуға айтарлықтай әсер ететінін ескере отырып, Мемлекет басшысы 2019 жылы Үкіметке шағын Аралды сақтау бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырды», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министр бұл мәселе Үкіметтің бақылауында тұрғанын баса айтады.

«Осыған байланысты, 2020 жылы «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру» жобасының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге республикалық бюджеттен 100,5 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаның ЖСҚ-сына мемлекеттік сараптама қорытындысы осы жылдың қыркүйек айында шығуы керек. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2023 жылы бастау жоспарланып отыр», - деді Әлихан Смайылов.


Ашық көздерден алынған фото


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT