Отырарлық диқандар «Алтын күз» мерекесін тойлады

None
None
ОТЫРАР. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Отырар ауданында «Алтын күз-2019» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов ауыл шаруашылық техникалары мен асыл тұқымды ірі қара және ұсақ малдар қойылған көрмені тамашалап, мереке аясында ұйымдастырылған жәрмеңкені аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті өнімдерге басымдық берген жәрмеңкеде көпшілікпен бірге аудан басшысы да сауда жасап, жергілікті бақша өнімдерін сатып алды. Онда қойылған ауыл шаруашылық және бақша өнімдерінің бағасы өзге сауда орындарынан 15-20 пайыз төмен болғандықтан, тұтынушылардың қарасы көп болды. Шаруалар мен диқандарға мерекелік ізгі тілегін жеткізген аудан әкімі диқандар мен шаруалардың орасан зор еңбегін ерекше атап өтті.

«Еліміз егемендігін алғаннан кейін мемлекет басшысы мен үкіметтің арқасында мемлекетіміздің ауыл шарушылығы саласы өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар жасалып, осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда ауданымыздың шаруалары егін және мал басын көбейту ісін ғылыммен ұштастыра отырып, бірқатар табыстарға қол жеткізді. Соның нәтижесінде ауданымызда мал басы өсіп, егістік жер көлемі ұлғайып, өнім алу көрсеткіші еселенді», -деді Әбдіғали Жүнісов.

Аудан басшысының сөзінше, ағымдағы жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болды. Жыл басында 33 107 га жерге түрен салынса, оның 11 316 га алқабына Отырардың брендіне айналған жүгері дақылы егілген.

«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 14 млрд 846 млн теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 104,5 пайызға орындалды. Бұған ауыл еңбеккерлерінің сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан да барша аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерді «Алтын-күз» мерекесімен құттықтаймын. Аудан қорын ауыл шаруашылық өнімдеріне толтыра беріңіздер»,- деді Әбдіғали Жүнісов.

Бұл күні еңбегі еленген шаруалар қуанышқа кенеліп, сан саланың үздіктері марапатталды. Мәселен, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, өсіру нәтижесі Шілік ауыл округі үздік деп танылса, Маяқұм және Көксарай ауыл округтері жүлделі екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Сондай-ақ шара барысында бір топ ауыл шаруашылық саласының өкілдері аудан әкімінің Алғыс хатымен, арнайы сертификаттармен және аудандық агрокешен қызметкерлері кәсіподағының «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Оларға арнайы және заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды. Іс-шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Соңғы жаңалықтар