Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында үш жылдық бюджеттен тиісті қаржы бөлінуі тиіс - Қ. Айтаханов

None
None
күйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында үш жылдық бюджеттен тиісті қаржы бөлінуі тиіс.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Үкіметінің басшысына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздегі тарихы терең, әулие-әнбиелері көп Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыстанбаб кесенесі орналасқан Отырар ауданына зиярат жасаушылар мен туристер саны жыл сайын еселеп арта түсуде. Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған Үкіметтің 2004 жылғы «Көне Отырардың қайта өрлеуі  туралы» қаулысы негізінде, туристік инфрақұрылымдарды салу үшін 176,2 гектар жер бөлініп, техникалық-экономикалық негіздеме, жобалау-сметалық құжаттар жасалынып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Тиісті құжаттар қазір Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне тапсырылған. Жоспарланған нысандар бойынша құрылыстың жалпы құны  4,5 млрд. теңгені құрап, оны игеру екі кезеңге есептеліп отыр. Бірінші кезең  - 2010 жылға 1 млрд. 650 млн. теңге. Бұл қаражат ‑ Отырар туристік кешені инженерлік-коммуникациялық жүйесіне (жол, ауыз су, кәріз, электр және жылу жүйелері), «Шарбақ» бағы бар тарихи-мәдени кешен-мұражайы мен Отырар оазисі археологиялық этносаябағы құрылысын салуға жұмсалады. Екінші кезең - 2011 жылға 1 млрд. 426 млн. теңге. Қалған 1 млрд. 424 млн. теңгеге есептелген нысан құрылыстарын инвесторлар қаржысымен жүзеге асыру жоспарланып отыр», деді депутат.

Осыған орай, Қ. Айтаханов елімізде туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында әрі Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыру мақсатында, 2010-2012 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджеттен 3 млрд. 76 млн. теңге қаржы бөлуді сұрады.

Соңғы жаңалықтар