Отырарда жас мамандарға әлеуметтік тұрғын үй беріледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Басқосуға зиялы қауым мен белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар жылының ашылуы мен сол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмалары кезектен тыс отырысқа арқау болды. Аудан басшысы Ұлт Көшбасшысы тапсырмасының ерекшелігіне тоқталып, алдағы атқарылар жұмыстарды айтып өтті.

Әкім Жастар ресурстық орталығының жаңадан тағайындалған директоры - кеңес хатшысы, айтыскер ақын Дәурен Ақсақаловты көпшілікке таныстырып, жоспарларына сенім білдірді. Жиында Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова Жастар жылының ашылуымен құттықтап, толғамды ойларымен бөлісті. Ал, жас кәсіпкер Асхат Тасыбаев пен археолог Шыназ Алмазұлы және дәстүрлі әнші Ұлжалғас Әбілдахандар өз салалары бойынша жетістіктеріне тоқталды.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Отырар ауданындағы жастар саны 13 162 адамды құрайды. Олардың бос уақытын тиімді пайдалану мен қолдау көрсету, түрлі салалар бойынша бағыт-бағдар беру мен шыңдалуына жол ашу мақсатында мәдениет, білім, спорт салаларынан түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Ауданда сондай-ақ жас мамандармен қамту және жұмыссыздықпен күрес мәселесі де басты назарда. Жиын барысында осы жәйттер жөнінде ой бөліскен аудан басшысы Жастар орталығы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшыларына жұмыссыз жастардың нақты санын анықтап, кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастыру мәселесін бірінші кезекте қолға алуды тапсырды. Кәсіпкерлік саласына жол ашып, қолдау білдіру де кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ, Ерлан Айтаханов ауданда бой көтеріп жатқан әлеуметтік үйлердің басым бөлігі жас мамандарға берілетінін жеткізді. Басқосуда бұдан өзге қоғамда орын алып жатқан құқықбұзушылықтардың алдын алу, тәртібі қиын жастармен тиімді жұмыс жүргізу мәселесі де қозғалды.

«Қоғамның қозғаушы күші, егемен елдің ертеңі болатын жастар мәселесі тек биылғы жылмен шектелмей, жас мамандарды пәтермен және жұмыспен қамтамасыз етуді әрдайым басты назарда ұстайтын боламыз. Жастарға қолдау көрсету, оқыту, жұмыспен қамту бағытындағы әрбір жұмысқа ауылдық округ әкімдері мен әр саланың басшылары да тікелей атсалысатын болады»,-деді сөзін қорытындылаған аудан басшысы.

Ол тиісті мерзімдерді көрсете отырып, сала басшыларына бірқатар ауқымды тапсырмалар жүктеді.

Соңғы жаңалықтар