Отырар ауданындағы мектептердің материалдық базасы жетіліп келеді

None
None
ОТЫРАР. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Отырар ауданында мектептердің материалдық базасы жыл сайын артып келеді. Бұл туралы ұстаздардың тамыз кеңесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы жылы Көксарай ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектеп күрделі жөндеуден өтсе, Мыңшұқыр елді мекенінде 300 орындық білім ошағы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, өткен оқу жылында Ш.Қалдаяқов, Жамбыл, Ө.Жәнібеков, М.Әуезов мектептерінің работотехника пән кабинеттеріне компьютерлер мен интерактивті тақталар, ноутбуктар алынған.

Кеңесте сөз алған аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов білім саласы қызметкерлері мен ұлағатты ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Бізге оқушылардың робот технологиясын меңгеріп қана қоймай оны іс жүзінде көрсете білуі маңызды. Мәселен, ауданымыздағы «Отырар Ет-Сүт» кәсіпорнына дайын өнімдерді бөліп, қаптап, арнайы белгілерін жапсыратын заманауи технология қажет. Мен осы сәтті пайдаланып білімге құштар жас ғалымдарымызға тапсырыс беруге дайын екендігімді айтқым келеді»,-деді Әбдіғали Жүнісов.

Сала мамандарының сөзінше, жаңа оқу жылында аудандағы білім беретін 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 12032 оқушы мектепке барады. Ал, 1400 оқушы 1-ші сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттағалы отыр.

Сондай-ақ аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім мекемелерінде 2030 мұғалім қызмет етуде. Биылғы жылы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 1585 мұғалім біліктілігін арттырған.

Іс-шара барысында ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмей, шәкірт тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп жүрген педагогтар министрліктің арнайы төсбелгілерімен, аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының, сондай-ақ облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Соңғы жаңалықтар