Отырар ауданында музей түні өтті

None
None
ОТЫРАР. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Отырар ауданында мемлекеттік археологиялық қорық – музейінің ұйымдастыруымен музей түні өтті. «Музейлер шеруі» атты жалпыреспубликалық акция аясында өткен шара «Ғасырлар куәсі - музейдің ғажайып әлемі» тақырыбында өрбіді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының сөзінше, аталған шара Отырар музейінің құндылықтарына деген халықтың ықыласын арттыру мен ұлттық сана – сезімін қалыптастыру, өскелең ұрпақтың жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, патриоттық тәрбие беру бағытында өткізілді.

Аталған шарада сөз алған Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов пен ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған және мекеме директоры Сапар Көзейбаевтар музейді көпшілікке кеңінен танытудың маңыздылығына тоқталды. «Музейлер шеруі» акциясы арқылы мәдениет ұйымдары ұлттық мәдени мұраның қолжетімділігін қамтамасыз ететітін айта келе, іс-шараға қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.

Мерекелік іс-шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында музей қорындағы ат әбзелдермен жабдықталған «Қазанат – қазақтың қасиеті» тақырыбындағы көрмемен жалғасып, атқа міну көрінісі ұйымдастырылды. Қыш құмыра өнерін меңгерудің қыр-сырын көрсету барысында құмырашы Жанұзақ Ерімбетов шеберлік сабағын өткізді. Бұл көріністер көрермендердің қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Домбыра - қазақтың жаны» деген сөзі кештегі көріністерге арқау болып, музей қорындағы домбыралар топтамасы келушілерге таныстырылды. Ауыл жастары болса «Этно-кешенде» алтыбақан теуіп, домбырада ән шырқады. Сөйтіп, мерекелік кешті қыздыра түсті. Ауыл сыртында от жағып, күмбірлетіп күй төккен жастардың «домбыра думан» кеші жұртшылыққа ерекше әсерге бөледі. Шара соңында балаларға анимациялық фильмдер қойылып, викториналық сұрақтар бойынша танымдық ойындар ұйымдастырылды. Шараға белсене қатысқан және ойыннан жеңімпаз атанғандар түрлі сыйлықтарға ие болды.

Айнұр Ақбаева

Соңғы жаңалықтар