Отын қоймаларында 1 млн тонна көмір, 35 мың тонна мазут жинақталған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Электр стансаларында қажетті отын жинақтау жалғасып жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электр стансаларында қажетті отын жинақтау жалғасуда. Энергия көздері қоймаларындағы көмір қоры 4,5 млн тоннаны құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 7 пайызға артық. Ал мазут 104 мың тонна, бұл өткен жылғы деңгейден 3 пайызға көп. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі қазандықтардың отын қоймаларында 1 млн 41 мың тонна көмір, 35,5 мың тонна мазут жинақталған. Бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді», - деді ол.

Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, биылғы жылдың қыркүйегінде Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес 237 мың тонна көлемінде «2020-2021 жылғы күзгі-қысқы кезеңде әлеуметтік-өндірістік объектілер мен мекемелерге мазут жеткізу бойынша мұнай мен мұнай өнімдерінің негізгі ресурс ұстаушыларына облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын бекіту кестесін» қабылдады.

«Бұл ретте жылыту кезеңіне ұсынылатын «әлеуметтік мазут» бағасы МӨЗ зауыттарында 1 тоннасы үшін қосымша құн салығын қоса алғанда 58 000 теңге деңгейінде болады», - деді министр.

Сонымен қатар, ол бүгінгі күн тәртібіндегі маңызды мәселе – энергия өндіруші кәсіпорындардың отын үшін кредиторлық берешегі екендігін баса айтты.

«Биылғы 28 қыркүйектегі жағдайға сәйкес, энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 4 млрд 600 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» серіктестігі алдында жалпы сомасы 3 млрд 562 млн теңге берешегі бар. Қарыздарды жою бойынша тиісті жұмыстарды жүргізудеміз», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар