Отын, ақша, киім-кешек: Петропавлда қарттар мен мүгедектерге қайырымдылық көрсетілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 45 млн теңгеге көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір Петропавл қаласында 44 мыңнан астам зейнеткер, 11 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Екінші дүниежүзілік соғыстың 48 ардагері, 3402 тыл еңбеккері, майдангерлердің 259 жесірі, Ленинградты азат етуге қатысқан – 6 және кәмелетке толмай фашистік концлагерьлерге түскен 16 адам тұрады.

Петропавл қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қазан айы бойы қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде түрлі кездесулер, спорттық іс-шаралар, концерттік бағдарламалар бар. Мәселен, 1 қазанда Жастар сарайында мерекелік кеш өтті. Бұл күні зейнеткерлер қалаішілік қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік алды.

Медициналық мекемелерде «Ашық есік күні» өтті. Бір ай бойы барлық оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, ұйымдарда кездесулер ұйымдастырылды. Жалғызбасты, жүре алмайтын жандар назардан тыс қалмай, оларға да материалдық көмек көрсетілді.

Солтүстік Қазақстан облысында қарттар мен мүгедектерге арналған 4 қызмет көрсету орталығы және «Надежда» атты интернат-үйі бар. Онда 756 адам тұрып жатыр. Айлық аясында Петропавл қалалық Мәдениет үйінің өнер ұжымдары осы орталықтарға барып, концерттер ұйымдастырды, сыйлықтар таратты.

Қалалық әкімдікте арнайы комиссияның бірнеше отырысы өтіп, нәтижесінде отын, көмір, дәрі-дәрмек пен киім-кешекке ақша сұрағандардың өтініші қанағаттандырылды. Бұл мақсатқа мамандардың есебінше, 2 млн теңге жұмсалған. Жалпы тек Петропавл қаласы бойынша акция аясында 43,2 мыңнан аса адам қамтылып, оларға 45 млн теңгенің көмегі көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар