Отставкадағы судьяларға өмірбойғы зейнетақы тағайындау Еуропа хартиясына сай келеді - Б. Бекназаров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Отставкадағы судьяларға өмірбойғы зейнетақы тағайындау Еуропа хартиясына сай келеді. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Бектас Бекназаров осылай мәлімдеді. Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңы қабылданған болатын.

Сенатордың айтуынша, құжат Лиссабон қаласында жасалған «Судьялардың мәртебесі туралы» халықаралық мәні бар Еуропа хартиясына сәйкес келеді. Ол хартияда отставкадағы судьялардың зейнетақысы олардың осы қызметтегі соңғы жалақысы мөлшеріне мейлінше жақын болуы керектігі көзделген. Бұл ретте сенатор Бектас Бекназаров Қазақстанның сот жүйесі 2011 жылдың қыркүйегінен бастап халықаралық судьялар қауымдастығының толыққанды мүшесі екенін, сондықтан еліміздегі судьялардың зейнетақылық қамтылымы халықаралық стандартқа сай болуы керектігіне назар аударды.

«Заң жобасы 15 жылдан астам уақыт бойы жауапкершілігі жоғары, ауыртпалығы зор қиын да күрделі қызметті тек қана абыроймен атқарған судьяларға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық болып табылады. Өмірлік қамтылым зейнеткерлік жасқа толған судьялардың барлығына бірдей төленбейді, тек құрметті отставкаға шыққан судьяларға ғана төленеді. Бұдан бөлек, заң жобасы барлық судьяларды кіршіксіз таза, адал да әділ қызмет еткенде ғана ұсынылатын өмір бойғы қамтылымға ынталандыру, осылайша олардың ертеңгі күніне, яғни зейнеткерлік жастағы жағдайына деген сенімділігін қалыптастырып, адал еңбекке тарту болып табылады», - деді Б. Бекназаров.

Тұтастай алғанда отставкаға шыққан судьялардың өмірлік қамтылымына қатысты норма 2016 жылдың қаңтарынан бастап енгізіледі. Бұл қазіргі уақытта республика бойынша саны 508-ге жеткен барлық отставкадағы судьяларға қолданылады.

Соңғы жаңалықтар