Өткен жылы орман өртінен 20 млрд теңге материалдық нұқсан келген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы орман өртінен 20 млрд теңге сомасында материалдық нұқсан келген. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде жыл сайын мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ халыққа, мүлікке және табиғатқа қауіп төндіретін төрт мыңдай табиғи жану оқиғалары тіркеледі. Өткен жылдың табиғи өрттері қауіпті кезеңде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың ықтимал теріс салдарының ауырлығын көрсетті. Еліміздің тек орман қорында 801 өрт болып, 104 мың гектары өрттен жойылды. Тікелей материалдық нұқсан экологиялық зиянды есептемегенде 20 млрд теңгеден асты», - деді бірінші вице-министр.

Оның атап өтуінше, өткен жылдың қыркүйек айында Қостанай облысында Басаман және Семиозерный орман шаруашылығының аумағында болған ірі өрттен бір адам қаза тауып, 91 тұрғын үй өрттен жойылды.

Өрттен келген шығын 18 млрд теңгеден асты. Өрт шалған аумақ 39 мың гектардан асты немесе орман шаруашығы аумағының үштен бірін құрады.

«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының жедел штаб отырысында берген 11 тапсырмасының ішінде 5 тапсырма жүзеге асты. Бұл төтенше жағдайларға шынайы әзірлікті бағалауға қатысты тапсырмалар: нысандарды өртке қарсы қорғауды күшейту, зардап шеккен аудандардың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру, залалды өтеу, өрт сөндірушілердің жалақысын арттыру. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бүгінгі таңда орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға әзірлігінің орташа көрсеткіші 71 пайызды құрайды. Келешекте қалған 6 тапсырманы іске асыру үшін азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарының 2023-2027 жылдарға арналған жобасы әзірленді. Мысалы тапсырмалардың бірі - кадрларды кәсіби даярлауды жетілдіру. Ол үшін Азаматтық қорғау академиясының жаңа кешенін салу жоспарланған. Осы мақсатта Көкшетау қаласының әкімдігі 8,7 гектар жер учаскесін белгіледі», - деді Ибрагим Күлшімбаев.


Соңғы жаңалықтар