Өткен жылы Қазақстанда 138 млн түп ағаш отырғызылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы Қазақстанда 66 мың гектар алқапқа 138 млн түп ағаш отырғызылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына 3 көрсеткіш пен 8 іс-шара қабылданған. Ұлытау тау-дала массивінің экожүйесін қалпына келтіріп, сақтау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауданы 58,9 мың гектар «Ұлытау» ұлттық паркі құрылды.

«Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасымен облыс әкімдіктері орманды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарларын бекітті, интерактивті карта дайындалып, керекті техника мен жабдық құралдары сатып алынды. Өткен жылы жоспарланған 44,3 мың га орнына 66 мың гектар алқапқа 138 млн ағаш отырғызылды. Биыл көктемдік отырғызылымда жоспарланған 66,9 мың гектардың 39 мың гектарына 106,4 млн ағаш отырғызылды. Орман дақылдарының негізгі жұмыс көлемін аяқтау күз мезгіліне жоспарланған», - деді С. Брекешев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында өткен жылы 100 мың га сексеуіл отырғызылған және биыл 250 мың гектар отырғызу жоспарланған. Осы жылдың көктемінде 12 мың гектар сексеуіл егілсе, қалған 238 мың гектар алқапқа күзде егіледі.

«Былтыр республика бойынша орман дақылдарының жерсінуіне инвентаризация жүргізілді. Күзгі инвентаризация бойынша орман дақылдарының жерсінуі шамамен 72% көрсеткен. Биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бекітілген жоспарлы жұмыстарды жүргізуге қаржы бөлінбеді, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты, орман иелерін материалдық-техникалық құралмен қамту, орманды қалпына келтіру мәселелерін шешу мақсатында аталған облыс әкімдерінен жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», - деді Экология министрі.

Соңғы жаңалықтар