Өткен жылы Қарағандыда ауыз қуысы күйген 50-ге жуық бала ауруханаға түскен

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 2019 жылы Қарағанды облыстық балалар клиникалық ауруханасына «ауыз қуысын, өңешті әртүрлі дәрежеде күйік шалу» диагнозымен 1-6 жас аралығындағы 47 бала түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осындай диагнозбен келіп түскен балалар көбіне, дәлірек айтқанда, 17 жағдайда әйнек жууға, қазан, плита тазалауға, бассейнге арналған сұйықтықтарды, «Кометті», жиһазға арналған лак, «Санокс» сияқты түрлі тазалау құралдарын ішіп қойған. 14 бала калий перманганат ерітіндісінен (марганцовка) химиялық күйік алған. 10 бала - сірке суы эссенциясы, 2 бала сутегі асқын тотығымен және 1 бала ацетонмен өңештерін күйдірген. Қызметтік тексеру және анамнез жинау барысында бұл балалар қысқа уақытқа қараусыз қалып қойғаны анықталған.

Әлемді зерттейтін нағыз беймаза кезінде бүлдіршінді не қызықтырады? Бұл - тазалағыш құралдардың жарқын орамы. Алайда осы құралдардың қоршаған ортаға қолжетімділігі, бала үшін қауіпсіз ортаның болмауы қайғылы оқиғаларға алып келеді.

Балада химиялық күйік химиялық агрессивті заттармен тікелей байланыстың салдарынан болады. Мұндай заттарға қышқылдар, сілтілер, кәсіби тұрмыстық химия жатады. Өкінішке қарай, тұрмыста мұндай жағдайлар аз емес. Балалар қоршаған ортаны белсенді түрде игереді және оның қолы жететін жерде орналасқан заттардың барлығын аузына салады.

«Егер баланың терісін күйік шалған болса, қалған сұйықтықты құрғақ матамен сүртіп тастау керек, содан кейін зақымданған жерді 20 минут бойы жылы сумен жуу керек», - деп түсіндіреді Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Бала киіміне химиялық ұнтақ жағып алғанын байқап қалсаңыз, ол киімді басы арқылы шешпеңіз, себебі химиялық зат сәбидің беті мен көзіне тиіп, зақым келтіруі мүмкін. Мұндай киімді кесіп, шешіп тастаңыз.

Ең қиын жағдай бала химиялық затты жұтқан кезде болады. Оның не ішкенін анықтау үшін мүмкіндігінше бастапқы қаптаманы сақтау маңызды.

«Балалардың 43%-да күйік ауыр болды. Бала ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатады. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігінде сепсис, медиастенит, өңеш тарылуы секілді ауыр асқынулар пайда болды, бұл тіпті мүгедектікке де алып келеді», - дейді дәрігерлер.

Одан кейін де балалар бірнеше жыл бойы асқазандағы түтікше арқылы тамақтанады, жоспарлы түрде хирургиялық бөлімшеге өңеш бужирлеу процедурасынан өтеді. Ол дегеніміз тамақ өту мүмкіндігін жасау үшін өңеш қуысын механикалық кеңейту дегенді білдіреді.

Соңғы жаңалықтар